Солтүстік аймақтарда елік көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік аймақтарда елік көбейіп барады

21.12.2023

Еліміздің солтүстік өңірлерінде қатты аяздан тоңып, азық іздеген еліктер қаптап кеткен. Тіпті, қала көшелерінде, жол үстінде жүр. Тұрғындар қызықтап, камераға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып жатыр. Бірақ көше кезіп жүрген жануар көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Ақмола облысында 5 жол оқиғасы тіркелген.

Ұмсындық Наурызбаева тілші:

Бұл Көкшетау. Елік далада емес, қалада жүр. Бурабай және Атбасардағы тұрғындар да жол бойынан еліктерді көрген.Мамандардың айтуынша, жабайы жануарлар көрші Ресей елінен келген. Биыл ол жақта қалың қар жауып, аяз күшейген. Ал еліктер мұндай жағдайда тебіндей алмайды. Сондықтан азық табу мақсатында еліміздің солтүстік аймақтарына қоныс аударып жатыр.

Ақмола облысында былтыр еліктің саны 16 мыңға жеткен. Биыл көбейіп жатыр. Ал мамандар жабайы жануарларға қала сыртында жем-шөп, астық дайындап, қосымша азық беріп жатыр.

Дінәлі Айтқожин, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

Біз қазір жабайы жануарларды қала сыртына қуып жатырмыз. Бұл браконьерліктің алдын алуға бағытталған. Айта кетейік, еліктерді заңсыз аулағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ал Қостанай облысында елік саны 15 мыңнан асқан. Олардың көбейюіне болжам да бар. Мыңдаған тонна сапасы нашар астықтың далада қалуы себеп болуы мүмкін.

Анатолий Коволенко Қостанай облыстық балықшылар және аңшылар қоғамының төрағасы:

Биылғы астықтың басым бөлігі мал азығына ғана жарайды. Далада қалғаны көп. Бұл да бір себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, осы жылы аңшылар жаз, күз айларындағы жаңбырдың кесірінен жабайы жануарларды аулай қойған жоқ. Сондықтан, еліктер өздерін қауіпсіз сезініп, келіп жатқан болуы керек. Биыл олардың саны екі есе көбеюі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында да елік өріп жүр. Қала көшелерінде де, ауыл ішінде де кездестіруге болады. Енді мамандар жалпы санын анықтау үшін санақ жүргізбек.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу