Басты Жаңалықтар Жылуы жоқ жүйе: ЖЭО-лар шетінен сыр беріп жатыр

Жылуы жоқ жүйе: ЖЭО-лар шетінен сыр беріп жатыр

Осы аптада Жылу электр орталықтарындағы күрделі мәселелерге қатысты 3 бірдей жиын өтті. Алдымен Мемлекет басшысы Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдерін жинап, жылу беру мәселесін талқылады.

Естеріңізде болса, былтыр ғана Екібастұз ЖЭО 22 млрд теңгеге жөнделген еді. Өткен аптада тағы апат болды. «Аптаның» тілшілері қыркүйекте Екібастұздан арнайы сюжет әзірлеген. Сол кезде күдігімізді айтқанбыз.

Өкінішке қарай, шалағайлықтың салдарын қыстың алғашқы күндерінде-ақ байқалып қалды. Оған Көкшетау, Степногорск, Теміртау, Кентау, Ақтау қосылды. Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен қамтуды және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын реттеуді талап етті.

Одан кейін бұл мәселе үкіметте де қаралды. Премьер-министр қыркүйек айында әкімдердің жалған ақпарат бергенін сынға алды. Яғни, жылу беру маусымына дайынбыз деп есеп берілген өңірлерде жағдай мүлде керісінше болып шықты. Сол үшін де Смайылов «жылыту маусымының тұрақты өтуін әрбір өңір әкімі өзінің жеке бақылауында ұстауы қажет» деп ескертті.

Апта ішіндегі үшінші жиын Энергетика Қауымдастығының кеңейтілген отырысымен аяқталды. Энергетика нысандары мен коммуналдық желілердің жай-күйі талқыланған шарада салаға жауапты төрт министрліктің өкілдері болды.

Тіпті, Еуропа елдеріндегі ірі компания басшылары да барған. Серік Жұмабек үкімет өкілдері мен энергетик мамандардың пікірін тыңдап, бұл саладағы түйткілдерді қалай шешуге болатынын зерделеп көрді.

Серік Жұмабек, тілші:

Қыс басталмай жатып, ЖЭО-лары шетінен сыр беріп жатыр. Тек, Орал қаласында ғана емес бүкіл республика бойынша жағдай қиын. Энергетика министрлігі елдегі 37 ЖЭС-ның 19 қызыл, 11 сары, небәрі 7-еуі ғана жасыл аймақта тұрғанын айтады. Ең ескі ЖЭС Семей қаласында, 1934 жылы пайдалануға беріліпті.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

ҚР жылу электр жүйесіндегі проблема ол 30-40 жыл қордаланған. ТЭЦ-тардың, трубалардың барлығы осыдан 80-90 жыл бұрын салынған. Осы 30 жылдың ішінде ешқандай жөндеу жұмыстары болмаған. Сондықтан ол қаусап тұр. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы жылу беретін үлкен станциядан бастап, жылуды әрбір үйге жеткізетін бүкіл трубалар, оның арасындағы насостардың барлығы қаусап тұр. Міне, проблема! Мұны шешу үшін трилиондаған теңге қажет. Әрине ондай ақшаны лезде мемлекет өзі бере алмайды. Мәселе осында болып отыр.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «ЖЭО-дағы апаттың алдын алу мүмкін емес»,- дейді. Бірақ, коммуналдық инфрақұрылымды техногендік қауіптен құтқаруға болатынын айтады. Биыл желілердің тозуын 58%- дан 55%-қа дейін төмендетпек. Ал, мамандар мемлекеттен бөлінген млрд-тар жылу жүйелерінің тек 5-7 пайызын жаңартуға ғана жетеді деп отыр.

Орал Бағдат, «Электр энергетикалық корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

Тағы бір маңызды мәселе осы саланы қаржыландыру. Себебі, энергетика үлкен көлемдегі ақшаны қажет етеді. Қаржыдан бөлек уақыт деген нәрсе бар. Мысалы, бір жобаны бастан-аяқ бітіру үшін кемінде 3-4 жыл керек. Сондықтан, қаржыландыру мәселесінде жеңілдетілген несие беру жағын да қарастыру керек.

Рустам Құнанбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің жылу энергетикасы саласын реттеу басқармасының басшысы:

Министрліктің жоспары бойынша 2029 жылға дейін жылу энергетика желілерінің тозуын 20 пайызға төмендету жоспарланған.

Республика бойынша шамамен 128 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су құбыры желісі бар. Өкініштісі, олардың кейбірін бастапқы қалпына келтіру мүмкін емес. Ал, тарифтен түскен қаражат коммуналдық желілерді толықтай жаңартуға жетпейді. Тек, жалпы шығынның шамамен 30% жабуға мүмкіндік береді. Қайтпек керек?

Рустам Құнанбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің жылу энергетикасы саласын реттеу басқармасының басшысы:

Тек қана тариф есебінен жаңа ТЭЦ-тар салу немесе барлық республика бойынша инфрақұрлымды жаңарту мүмкін емес. Өйткені, ол көптеген қаражатты тартуды қажет етеді. Бұл қаражаттың барлығы тарифке салынатын болса, онда тарифтің өсуі неғұрлым болып кетеді.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың 24 қазанында бас прокуратура елдің барлық энергетикалық компанияларына тарифтен пайда табуға тыйым салған. Яғни, жиналған қаржы ЖЭО жөндеу мен жаңартуға жұмсалуы тиіс.

Мақсұт Аленов, «Атырау ЖЭО» АҚ президенті:

Өкініштісі, қолданыстағы заңнамада шығындарды тарифтен өндіруге рұқсат жоқ. Тіпті, министрлікпен инвестициялық келісім жасауға да мүмкіндік берілмейді.

Монополистердің мәліметіне сенсек, тарифтен түскен қаржы тозған желіні жөндемек түгілі, шығынды да жаппайтын көрінеді. Сәйкесінше, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында алдағы 6 жылда коммуналдық төлемдер үздіксіз өсе бермек. Бұл, саланы жаңғыртуға мемлекеттік қолдаудың қажет екенін аңғартады.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Тарифті инвестицияға айырбастау» деген бағдарламадан тыс үкімет инвестицияның көзін қарастыру керек. Мүмкін бюджетке қайтадан қайтарым ретінде бюджеттен де белгілі бір қаржыландыруды қарастыру қажет. Өйткені, біздің еліміздегі негізгі проблема жөндеу жасап үлгермей жатыр. Тозығы жеткен трубалардың пайызы өте көп.

Ұлттық экономика министрі «жүргізіліп жатқан тарифтік реформаның барлық процесі ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген»,- дейді. Бірақ, мәжілісмендер тарифтен түскен қаражат толықтай жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалып жатыр ма, жоқ па? соны тексеру керек деп санайды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы түскен қаржыны мемлекет те, қоғам да бақылауға алу керек. Ол қаржы қайда кетті. 30 жылдың ішінде азаматтардың барлығы тарифті төлеп келді ғой, сол қаржы қайда. Сондықтан осы түскен қаржыны міндетті түрде қатаң бақылауға алу керек. Пайданы табатын олигархтар, ал зиянын шегетін халық пен мемлекет болып отыр. Міне, осы схеманы бұзу керек.

Бұған дейін қазақстандықтардың жартысынан астамы жалақысының басым бөлігін тек тамаққа қана жеткізіп отырғанын сарапшылар талай айтты. Сондықтан тариф көтерілсе, тағы да халыққа салмақ түседі. Бірақ, төмен тарифтің салдары тұтас салаға тиіп отыр. Маман тапшылығы пайда болған. Өйткені жалақы төмен. Соңғы 3 жылда энергетика класстеріндегі мамандар 20% азайып, қазір шамамаен 15 мың жұмысшы қажет екен.

Талғат Темірханов, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының» төрағасы:

Ең бірінші мәселе бізді алаңдататын бұл кадрлардың тапшылығы. Неге десеңіз, соңғы жылдары бізде кейбір станцияларда 200 адамға дейін жетіспеушілік көрініп отыр. Бұл жетіспеушіліктің аясында біз жөндеу жұмыстарын және инвестициялық жобаларды орындау мәселелері бізде қиыншылыққа түсіп отыр.

Тұрар Әлімжан, ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы:

Қазіргі кезде энергия өндіруші ұйымдардың ішіндегі жұмысшылардың қажеттілігі 30 пайызға дейін жетеді. Яғни, 30 пайыз мамандар жетіспеушілігі бар. Ол өте қорқынышты жағдай негізі.

Тіпті, зейнетке шыққан сақа мамандар да жұмыс істеуге мәжбүр.

Александр Молчанов, Петропавл №2 ЖЭО механикалық жабдықтарды реттеу және орнату тобының жетекшісі:

Зейнеткерлікке шыққаныма 5 жыл болды. Бірақ, әлі жұмыс істеп жүрмін. Өзімдегі мол тәжірибені жастарға үйретіп кеткім келеді. Қазір бөлімде жалғыз өзім ғана қалдым.

Ал энергетика саласын бір емес, төрт министрлік қадағалайды. Соның өзінде мәселе шешілер емес. Сол үшін де, бір орталықтан басқару саясатына көшу керек деген ұсыныс та айтылып жатыр.

Талғат Темірханов, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының» төрағасы:

Біздің ойымызша жалпы энергетикалық жүйені ретке келтіру үшін бізге бір өкілетті орган керек. Бір жерден қадағалайтын, бір жерден саясат жүргізетін. Бір жерден барлық бағытты көрсететін өкілетті орган қажет.

Саланы тығырықтан шығарудың ең тиімді жолы: баламалы энергия көздері. Ол үшін Қазақстан 2040 жылдан бастап көмір генерациясынан бас тартпақ. Сондықтан әбден азып-тозған инфрақұрылымға қомақты қаржы құюды азайтып, экологиялық талаптарға сай баламалы энергия көздеріне көшу көзделген. Ал жеткілікті қаржы болса, қордаланған мәселе 5 жылда толықтай шешілер еді, - дейді мамандар. Соңғы жылдары апаттардың жиілеп кеткені үкіметтің шұғыл шешімге итермелер деген үміт бар. Өйткені бұл, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесі...

Серік Жұмабек


Бөлісу