Петропавлда 1400-ге жуық пәтер газсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 1400-ге жуық пәтер газсыз отыр

15.12.2023

Петропавлда 1400-ге жуық пәтер көгілдір отынсыз қалды. Оған құбырлардың қатып қалуы себеп. Кейбір көпқабатты үйлерде бір аптадан бері ақау жойылмаған. Сұйылтылған отынмен қамтамасыз етіп отырған серіктестік, қыстық газдың орнына суыққа төзімсіз жаздық газ сатып алған. Салдарынан бір аптада апаттық қызметке 100-ден астам көпқабатты үй шағым түсірген.

Галина Гришина, қала тұрғыны:

Газ алты күннен бері жоқ. Тек 2 рет 1,5 сағаттан берілді. Сосын қайта тоқтады. Әбден үйреніп қалған – қазір тамақ пісіре алмай отырмыз. Үйле электр пеш те жоқ. 

Газ таратушы мекеме қазіргі бағамен қыс мезгіліне арналған газ сатып ала алмай отырғанын айтады. Олар тамыз айында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментіне тарифті өсіруге өтінім жолдаған. Қоғамдық тыңдалымннан кейін серіктестіктің коммуналдық қызмет бағасын көтеру жөніндегі арызы негізсіз деп танылып, керісінше, тариф төмендетілді, деді.

Дамир Тоқтамысов, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің жетекшісі:

Бағаның құрамында ескерілген амортизациялық аударымдар негізсіз пайдаланған, басқа бағытқа жұмсалған. Сол себепті осы негізсіз амортизациялық аударымды тарифке енгізе отырып, қолданыстағы тарифтен 4,3 пайызға төмендетілді. Тарифте жазғы және қысқы газ жалпы көлемнен 50/50 пайызбен ескерілген. 


Хабарламаларға жазылу