Өткен түн Жетісу облысының құтқарушыларына да оңай соққан жоқ.
Сарыөзек-Көктал тас жолында төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күшінен 2 жүк және 2 жеңіл автокөлік қар құрсауынан шығарылып, жолаушылар өз сапарын ары қарай жалғастырды. Дәл осы аумақтан жолда қалған 6 адам Сарыөзек ауылына жеткізілді. Сондай-ақ Алакөл ауданындағы Үшарал-Достық тас жолынан 60-қа жуық адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың ішінде 1989 жылғы бір жүкті әйел және төрт бала болды. Ай-күні жақындаған келіншекті құтқарушылар бірінші кезекте перзентханаға жеткізді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты сала мамандары тұрғындарды сапарынан бас тартуды сұрайды.
Қуаныш Қанатұлы