«Воришки» фильмі көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Воришки» фильмі көрерменге жол тартты

14.12.2023

«Воришки» фильмі көрерменге жол тартты. Романтикалық жанрға құрылған экшн-драма – «Tiger Films» компаниясының өнімі. Туындының премьерасына түсірілім тобы, кино және эстрада жұлдыздары қатысты.

Сюжет желісінде жастайынан жетім қалған Сана мен Әмірдің өмірі мен тағдыры көрсетіледі. Балалар үйінде тәрбиеленген жасөспірімдер жас кезінен ұрлыққа әуес болып өседі. Бір күні екеуі үлкен олжаға қол жеткізу үшін байдың үйін тонауға бел буады. Алайда, өміріне қауіп төніп, келеңсіз жағдайға тап болады.

Алена Алмаз, «Воришки» фильмінің режиссері:

Расында фильмді түсіру оңай болмады. Әсіресе, актерларды таңдау қиынға соқты. Туындыны 15 күнде түсіріп шықтық. Оқиға желісі бойынша Әмір өзіне қарсы келген қиындыққа мойымай, барынша төтеп беруге тырысады.

Фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіліп жатыр. Түсірілім тобы оқиға желісін әзірге құпия ұстап отыр. Айтуларынша, басты кейіпкерлер қолымен істегенін мойнымен көтеріп, қиындықтан шығар жол іздейді.

Ербол Семқұлов, «Воришки» фильмінің басты рөлін сомдаушы:

Әр істің өзінің көтеретін салмағы бар. Сондықтан бұл кинода махаббат бар. Амир деген менің персонажым. Сол махабаттың арқасында өз-өзін сындырмай ары қарай өмір сүріп кетеді. 

Tiger Films - көркем фильмдер түсіру мақсатында 2021 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында 23 фильмді жарыққа шығарып үлгерген. Келер жылы тағы 10-ға жуық жаңа туындылар түсіруді жоспарлап отыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу