Арал теңізі дағдарысына әлем жеткілікті деңгейде назар аударып, сабақ алмаса – мұндай жаһандық деңгейдегі техногендік апат өзге аймақтар да қайталануы мүмкін. Шетелдік сарапшылардың ортақ пікірі осыған саяды. Вашингтонда Арал тағдырына қатысты өткен арнайы жиыннан меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толығырақ.
Батыс қоғамы Арал қасіретін тойымсыз кеңестік саясаттың салдары ретінде қабылдайды. Сондықтан оның дамыған елдерде қайталануы екі талай деп санайды. Бірақ, жаһан жұртының мұндай бейғамдығы, өзге су айдындарын да Аралдың кебіне түсіруі мүмкін дейді Арал тағдырын зерттеп, оның себебі мен салдары жайлы арнайы кітап жазып жатқан Сара Кэмерон. Мәселен, ғалымның айтуынша, АҚШ-тағы Үлкен тұзды көлдің тарыла бастауы, оның айналысында болып жатқан экологиялық проблемалар Аралдағы жағдаймен өте ұқсас. Сондықтан әлем халқы Арал апатынан сабақ алып, оның салдарын жою үшін күш біріктіруі тиіс. Бұл орайда, маманның айтуынша, алпауыттар қазақ президентінің үндеуіне үн қосып, Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуі тиіс.
Сара Кэмерон, Мэриленд университеті тарих кафедрасының доценті:
Мен мамыр айында Қызылордада Юсайидтің Арал теңізін сақтап қалу бойынша донорларды үйлестіру конференциясына қатыстым. Сонда білгенім, Аралға осы кезге дейін бөлінген халықаралық көмектің көлемі басқа осындай жаһандық экологиялық апаттардың зардабын жоюға бөлініп жатқан қаржымен салыстырғанда әлде қайда аз. Сондықтан халықараралық қауымдастық көбірек назар аударып, қажылық қолдауын күшейтуі керек.
Аралды құтқару ісіне барынша болысу - тұтас өңірді қолдаумен бірдей. Себебі, сарапшылар алдағы отыз жылдықта жаһандық температураның жылынуынан Орталық Азия өзге аймақтарға қарағанда екі есеге жуық көп зардап шегетінін айтады. Яғни, қатты ыстық су тапшылығын ұлғайтып, қуаңшылыққа соқыртады, ал, оның салдары ауыр болмақ. Сондықтан сарапшы Уайлдер Санчес ресми Вашингтон аймаққа мейлінше көмек көрсетуі тиіс деп санайды. Оның ішінде, «АҚШ -Орта Азия» форматы негізінде келер жылы Қазақстанда экологиялық саммит өткізуді ұсынып отыр.
Уайлдер Алехандро Санчес, «Second Floor Strategies» консалтингтік фирмасының президенті:
АҚШ президентінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі арнайы уәкілі Орталық Азияға барып, құзырлы мекемелермен Арал теңізі мен аймақтың басқа да экологиялық проблемаларын талқылауы тиіс. Тек Қазақстан мен Өзбекстан ғана емес, басқа да халықаралық серіктестермен арал теңізінің мәртебесі туралы адал әрі жан-жақты талқылау қажет деп есептеймін.
Ал Қазақстан келер жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына басшылық етеді. Басты мақсат бір кездері әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған Арал теңізінің проблемаларына дүние жұртының назарын қайта аудару. Бұл орайда, сондай ақ еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы аясында Франциямен бірге «Біртұтас су» атты саммитке тең төраға болады.
Жалғас Сәдібекұлы