«Бірге! Бір толқында!» Семейде осындай атаумен жастар форумы өтті. Шарада Абай облысында түрлі саланы дамытып жүргендер бас қосты. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өз ісінің үздіктерімен кездестіп, бірқатарын марапаттады
«Бірге! Бір толқында!» Жастар арасында жыл сайын өткізілетін маңызды шара үш күнге созылды. Форумының басты мақсаты – аудан ауылдан келген жастардың жетістіктерін бағалап, облыстағы дарындыларды қолдау. Өңір басшысымен кездескендер өздерінің, жоспарларымен бөлісті. Жиында креативті индустрияны дамыту мен жастар саясатын іске асырудағы тың идеялар талқыға түсті.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
Семейді креативті орталық деп айтуға болады. Семейдің тумалары сіздердің достарыңыз деп айтуға болады, барлығын танисыздар, көп салада жұмыс жасап жатыр. Робототехника саласы өте қатты дамыған. Сіздермен бірге жұмыс жасайық.
Өңірдің дамуында жастардың үлесі зор. Олар мемлекеттік қызметте, түрлі ұйымдарда, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өркендетуде дені жаңаша жұмыс істеп, көпке үлгі болып жүр. Облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ондай үздіктердің бірқатарын марапаттады.
Әнуар Жазиев, «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
Менің алған номинациям – ол үздік жастар ұйымы. Интеллектуалды жастар ұйымы облыс көлемінде әр түрлі бағыттар бойынша, соның бірнешеуі волонтерларды дамыту, олардың біліктілігін арттыру болатын болса, екіншісі облыс көлеміндегі пікір сайыс қауымдастығының ары қарай дамыту болып табылады. Осы жұмыстардың аясында барлық аудандардағы волонтерларға арнайы тренингтар ұйымдастырылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін секілді әр түрлі мақсаттарды қамтыған оқу-жаттығулар өткен болатын.
Қазір облыста 11 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жыл бойы олар 7 мыңнан астам қоғамға пайдалы шараны өткізуге ұйытқы болған. Үлгілі жастардың дәстүрлі жиыны концертпен, Вена балымен қорытындыланды.