Әзербайжанда ақпанның 7-сі күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл туралы Илхам Әлиев мәлімдеді . Мерзім бойынша келесі сайлау 2025 жылы өтуі тиіс еді. Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, Таулы Қарабақ аймағы енді Әзербайжанның құрамында. Бұл осы сайлаудың басты ерекшелігі болмақ.
Ресейде де президент сайлауының уақыты бекітілді. Ол келер жылдың 15-17 наурызында өтеді. Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин бұл сайлауға да қатысатынын мәлімдеді. Әлемдегі өзге жаңалықтарды Нұрбек Матжани баяндап берсін.
«Грекия мен Түркия қарым-қатынасында «Жаңа дәуір» орнайды
Бұл туралы Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған сәрсенбі күні Афина қаласына ресми сапармен барғанда мәлімдеді. Сондай-ақ осы кездесуде екі ел арасында ондаған келісімге қол қойылды, әсіресе “достық қарым-қатынасты дамыту” туралы декларациясын ерекше атап өтуге болады.
Түркия мен Грекия арақатынасында территориялық, миграциялық, энергетикалық мәселелер секілді бірнеше шешілмеген сұрақ бар. Әсіресе, Эгей және Жерорта теңізінің шығысын пайдалану бойынша қақтығыстар жиі болып тұрады. Екі ел арасындағы мұндай даулар соңғы 50 жылда 3 рет соғыс жағдайына апара жаздады.
Маңызды деталь - бұл Ердоғанның 2017 жылдан кейін Грекияға жасаған бірінші рет сапары. Ол сапарда Түркия мен Грекия көшбасшылары 1923 жылы жасалған Лозанна келісім бойынша келіспей қалған еді.
Ал осы жолғы кездесулер сәтті өткен секілді. Екі ел де достық қатынасты дамытуға ниетті. Алдағы 5 жылда сауда қатынасын екі есе арттырып, 10 миллиард еуроға жеткізуді көздеп отыр. Даулы мәселелер бойынша екі тарап та сөз қозғамады. Тек Эгей теңізін достық мекені ретінде ортақ пайдаланатыны туралы айтылды, бірақ нақты шешім бекітілмеді.
Елдердің бір-біріне жылы қабақ таныта бастауына биыл Түркияда болған жер сілкінісіне Грекияның құтқарушыларды жіберуі әсер етсе керек. Сонымен қатар, Түркияның батыс елдерімен жақындасу ниеті де бар. Түркияның Еуро одаққа жиырма жылдай мүше болуға талпынып жүргенін де ескерген жөн.
Осы аптада Венесуэла мен Гайана арасында басталған аумақтық дау ушығып кетті. Бірнеше күн бұрын Венесуэла президенті Николас Мадуро көршілес Гайана мемлекетінің үштен екі бөлігін Венесуэланың жиырма төртінші штаты болады деп жариялады. Мұнымен қоймай елдегі компанияларға табиғи ресурстарға бай Гайана-Эссекибо аймағында мұнай-газ өндіру жұмысын үш айдың ішінде бастап кетуді тапсырды. Венесуэла әлемдегі қара алтынды өндіруден көшбасшы елдердің бірі екені белгілі.
3 желтоқсанда Венесуэлада өткен референдумда азаматтардың 95 проценті биліктің Эссекибо аймағын қосып алу бойынша жоспарын қолдаған. Бірақ оған сайлаушылардың 10 проценті ғана қатысқан.
Жалпы, бұл дау 50 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Бірақ биыл қазан айында Эссекибо аймағында 10 миллиард баррель мұнай қоры табылғаннан кейін жағдай, тіптен, ушығып кетті. Егер Венесуэла осы аймақты өзіне қосып алса, оның мұнай қоры Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктерінен де көп болмақ.
2018 жылы Гайана үкіметі Эссекибо аймағын мәңгілікке заңды деп үкім шығаруды сұрап, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сотына шағым берген еді. Бірақ сот әлі күнге дейін үкім шығармады. Дегенмен Венесуэла Халықарарлық соттың құзыретін мойындамайтынын да ескеру қажет.
Латын Америкасы елдері мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Ал АҚШ Гайананың егемендігін толыққанды қолдайтынын білдірді. Қазір Венесуэла да, Гайана да әскерлерін жауынгерлік дайындық деңгейіне шығарды. Ал сарапшылар болса, «шиеленіс ауқымды қарулы қақтығысқа айналмайды, бұл тек Мадуроның сайлау жылы алдындағы өзінің күшін көрсету амалы» деп отыр.
29 қараша күні 100-ге қараған шағында қырғи-қабақ соғысы дәуірінің ең ықпалды АҚШ дипломаты, саясаткер Генри Киссинджер дүниеден озды.
Ол Германияда еврей отбасында туып, фашистік режимнен бас сауғалаған еврей босқыны ретінде 1938 жылы АҚШ-қа келеді.
Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Германияда АҚШ әскерінің құрамында аудармашы ретінде қызмет етіп, концлагерьдегі тұтқындарды азат ету операциясына қатысады.
Соғыстан кейін Гарвард университетінде білім алып, докторлық диссертация қорғап, АҚШ-тың академиялық ортасында ядролық қаруды тежеуге арналған еңбектері үшін ғалым ретінде кеңінен танылады.
Ал 1969 жылы Киссинджер халықаралық қатынастар саласындағы белгілі ғалым және сарапшы ретінде Ақ үйге кеңесші қызметіне шақырылады. Ричард Никсон тұсында Киссинджер мемлекеттік хатшы мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президенттің кеңесшісі қызметін қоса атқарған саясаткер ретінде АҚШ тарихына енеді.
Киссинджер 1973 жылы Вьетнамдағы соғысты тоқтату мен Париж бейбіт келісіміне қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығының иегері атанды. АҚШ пен Қытай арасындағы екіжақты қатынастың орнауына да ықпал етті. Мао Цзэдуннан бастап Си Цзиньпиньге дейін барлық Қытай мемлекет басшыларымен байланыс орната білді. Сонымен бірге Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы қатынастардың қалыптасуы мен дамуына тікелей атсалысты. Таяу Шығыстағы шиеленісті шешу мен араб-израиль соғысын тоқтату үшін елдер арасында жасаған жиі іссапарлары үшін халықаралық қатынастар саласында шаттл дипломатиясы ұғымының енуіне себеп болған мемлекеттік қайраткер.
Генри Киссинджердің сыртқы саясаттағы қызметі мен мұрасы қарама-қайшылықтарға толы. Ол дипломатиядағы реалполитик ұстанымына берік болатын, оған сәйкес кез келген тәсіл түпкі мақсатты ақтай алады. АҚШ-тың ұлттық мүддесін барлығынан да жоғары қоя білді. Елдің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік державаға айналуына да үлес қосты.
Алайда АҚШ-тың ішінде демократиялық қағидаларға берік болғанымен, әлемдік саясатта гегемондық сипатымен ерекшеленетін.
Генри Киссинджер - адам құқықтары, өзге елдердің ішкі істеріне араласу, азаматтық соғыстарды тұтатқаны үшін тарихшылардың сынына ең жиі ұшыраған әлемдік саясаткерлердің бірі.
Нұрбек Матжани