Мемлекет басшысының Ақтөбе облысына сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының Ақтөбе облысына сапары

10.12.2023

Осы аптада Президент Қазақстан экономикасына инвестиция тартуды ынталандыру үшін маңызды құжатқа қол қойды. «Маңызды» деп екпін қоюымның себебі: бұл жарлыққа сай елдегі инвестициялық климатты жақсарту үшін жеке жауапкершілік енгізіліп отыр. Яғни, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың субъектілерінің жетекшілері Инвестициялық штабтың шешімдерін орындамаса, жауапқа тартылады. Бұл инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал ете ала ма? Сарапшы пікірін сұрап білдік. Сұхбат сәлден соң. Ал қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына сапары жайлы қаузасақ. Бұл өңір тұтас ел үшін экономикалық, стратегиялық тұрғыдан маңызды екені белгілі. Минералдық-шикізаттық қоры бай әрі бірегей областың инвестициялық әлеуеті зор. Қазақстанның мұнай-газ және газ конденсантының 30%, отандық хромның тұтас қоры, никельдің 55%, титанның 40%, фосфориттің 34% осы Ақтөбе облысында орналасқан. Ал әлемде хром қоры бойынша екінші орында.

Мемлекет басшысы сапары аясында Ақтөбе облысының инвестициялық жобаларымен танысыпты. Өңір басшысы биыл 10 айда 804 миллиард теңге инвестиция тартылғанын айтқан. Салынған қаржының негізгі бөлігі, 725 млрд теңге жеке инвесторларға тиесілі екен. Өңдеу өнеркәсібіне 63  млрд теңгеге жуық, ал металл кенін игеруге 145 млрд теңге көлемінде тартылған.

Өндірістің өніп, жаңа жобалардың іске қосылғаны жақсы, әрине. Өйткені халық үшін қажет жұмыс орындары ашылады. Бірақ ірі кәсіпорындардан келетін ең үлкен зардап экологиялық екенін де ұмытпау керек.

Қоршаған ортаны ластап отырғандар - мұнай-газ кешені, тау-кен өндіру, металлургия, химия және жылу энергия кәсіпорындары. Өңір Қазақстандағы экологиясы нашар облыстардың төрттігіне кіреді. Президент сапары барысында жергілікті билікке бұл мәселені жеделдетіп шешуді тапсырды. Жағдайды жақсарту үшін алдағы алты жылда инвесторлар 228 млрд теңге бөлмек. Оның елеулі бөлігі Ақтөбе ферроқорытпа зауытының цехтарын жаңғыртуға жұмсалады. Ал, жағымсыз иісі кейде тұтас қалаға жайылатын кәріз жүйесінің жұмысы көптен бері жұрттың титығына тиіп келеді. Қырық жыл бұрын салынған тазарту станциясының 80 пайызы тозып, қаусап тұр. Оны жаңарту үшін 53,5 млрд теңге жұмсалмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу