Елімізде саяси реформалар сәтті іске асып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде саяси реформалар сәтті іске асып жатыр

07.12.2023

Елімізде саяси реформалар сәтті іске асып жатыр. Сарапшылар, депуттар мен қоғам белсенділерінің пікірі осындай. Олардың айтуынша, ауқымды реформалардың жүзеге асуы мемлекеттік басқару жүйесін монополиясыздандырып, демократияға жол ашады. Сонымен, биылғы саяси өзгерістер қандай? Тілшіміз шолу жасап көрді.

Елімізде былтырдан бері ауқымды саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Олардың негізгісі - президенттің өкілеттігін азайтып, парламенттің ықпалын күшейту, әкімдер мен депутаттарды сайлау, тіпті президенттің туған-туыстарын билікке жақындатпау секілді бастамалар. Биыл бұл реформалар қалай жүзеге асты? Еліміздің саяси өмірінде қандай өзгерістер бар?

Алғашқысы - наурызда өткен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы. Осы саяси науқанның нәтижесінде мәжіліске алғаш рет 6 партия өтіп, оппозиция өкіліне дейін депутат атанды. 80 пайызға жаңарған парламентке тек партиялық тізіммен емес, өзін-өзі ұсынып келгендері бар. Сайлау жүйесіне енгізілген мұндай өзгерістер саяси бәсекелістікті арттырып, парламентті пікірталас алаңына айналдырды.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Әрине, Мәжіліс болсын, сенат болсын бүкіл жерлерде бәсекелестік пайда болды. Депутаттар өз ойларын айта бастады. Оның сыртында мемлекет басшысының халық үніне құлақ асатын мемлекет бағдарламасы да іске асып жатыр.
Сондай-ақ жаңадан сайланған депутаттар елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға қатысты заң қабылдап, жер мен табиғи ресурстардың иесі - халық деген принципті заңды тұрғыда бекетті. Әрі биылдан бастап Конституциялық сот қызметін бастады. "Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің" құзыреті артты. Тіпті еліміздің әр аймағында оның өкілдіктері ашылып, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейді.

Салтанат Тұрсынбекова, құқық қорғаушы

Осы саяси реформаның бір үлкен әсері халықтың үнін, мұңын қол жетімді қылып, сол жаққа барып еститін болдық. Оның дәлелі неде? Осы тоғыз айдың ішінде 5 мыңға жуық шағым арыздар түсті.
Ал өткен айдан бастап аудандар мен қалалардың әкімдерін сайлай бастадық. Әзірге пилоттық режимде. Десе де саяси дода тартысқа толы болды. ГРАФИКА: Мәселен 42 аудан мен 3 қалада әкім атану үшін 164 кандидат таласқа түсті. Оның 69-ын партиялар, ал 95-і өзін өзі ұсынған. Орта есеппен бір орынға 3 үміткерден келді.

Қуаныш Сайлау, саясаттанушы:

Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың көп болуы, бұл саяси өмірге араласамын деген, билік процесіне араласамын деген азаматтардың арасында расында да қызығушылық бар екендігінің көрінісі.
Әкімдерді сайлау - жергілікті мәселені шешуге септігін тигізіп, демократияны дамытады. Сондықтан аудан қала әкімдерін ғана емес, министрлерге дейін сайлау керек дейді сарапшылар.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Алдыңғы дамыған мемлекеттердің тәжірибесі осындай. Тек қана парламенттің, халықтың алдында жауапты Үкімет қана үлкен-үлкен реформаларды жасайды. Өйткені ол тағайындалмалы емес, сайланбалы билік. Сондықтан осыған де жетеміз. Әзірге мықты Президенті бар, ықпалды Парламенті бар, жауапты Үкіметі бар деген идеямен жүрміз. Осының өзі көп жауапкершілікті беріп отыр.
Биыл еліміздің сыртқы саясатта да рөлі арта түсті. Франция, Түркия, Ресей президенттері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Астанаға сапарлап келуі соның дәлелі. Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халықаралық сапарлары кезінде АҚШ президенті Джо Байденмен, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, Германия канцлері Олаф Шольцпен кездескені де есте.
 
Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша елде саяси реформалар сәтімен іске асып жатыр. Ендігі кезек экономикада. Күздегі жолдауында президент бұған ерекше мән берген болатын. Ендігі басты міндет реформаларды соңына дейін жүзеге асыру.Сарапшылар оның тиімділігі алдағуы уақытта анық көрінеді дейді.

Хабарламаларға жазылу