Шығыс Қазақстан облысында қызылшадан 6 айлық нәресте шетінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында қызылшадан 6 айлық нәресте шетінеді

07.12.2023

Қызылшаға қарсы екпе алу керек. Әйтпесе, аурудың бұл түрі діңкелетеді. Шығыс Қазақстан облысында қызылшадан 6 айлық нәресте шетінеді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас инфекционисі Нәзигүл Молдашева баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Соңғы үш тәулікте Өскеменде 92 адам қызылша жұқтырған. Оның 90 пайызы вирусқа қарсы екпе алмаған.

21 СТУДЕНТ АУЫРЫП ЖАТЫР

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде қызылша жұқтырған 21 студент тіркелді. Олармен мыңнан астам адам қарым-қатынаста болған. Ал Ұлттық ұлан әскери академиясында ауырғандар саны 50 адамға жетті. Мамандардың айтуынша, басқа өңірлермен салыстырғанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Нұржан Тағаниязов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қарым-қатынаста болған барлық колледждағы студенттер біздің бақылауда. Сондықтан клиникалық жағынан қызылшаға қарсы симптомдар болатын болса ол кісілер бізде міндетті түрде қалалық инфекциялық ауруханасына апарып жатқызамыз. 

ЕЛДЕ 20 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚЫЗЫЛША ЖҰҚТЫРДЫ

Жалпы елімізде жыл басынан бері 20 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының өкілдері осындай мәлімет таратты. Медицина мамандарының айтуынша, эпид ахуал өте күрделі. Санитарлық дәрігерлер күн сайын елде вирус жұқтырудың 350 жағдайын тіркейді. Көбіне қызылша 14 жасқа дейінгі балаларға үйір келетін көрінеді.

Хабарламаларға жазылу