Астанада адам құқықтарын қамтамасыз ету туралы халықаралық конференция өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада адам құқықтарын қамтамасыз ету туралы халықаралық конференция өтіп жатыр

07.12.2023

Қазір Астанада «Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Оған депутаттар мен мемлекеттік және халықаралық органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, түркі мемлекеттерінің омбудсмендері, салада салмақты орны бар сақа сарапшылар қатысып жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Халықаралық конференция жұмысына сәттілік тілеп Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы хат жолдады. Онда Президент құқық саласының маңызына тоқталып, жүзеге асып жатқан реформалардың мемлекет дамуындағы айрықша орнын атап өтті. Шара Біріккен Ұлттар ұйымының бас ассамблеясы жарғысымен қабылданған, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Маңызды құжаттың біз үшін де орны айрықша. Өйткені Қазақстан БҰҰ-ның барлық негізгі Конвенциялары мен хаттамаларын ратификациялады, ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы белсенді өзара іс-қимылдың жұмыс тетіктерін құрды. Мінберде сөз алған құқық саласының көшбасшылары адам құқықтары институттарын дамыту және нығайту, әділ сот талқылауы құқығын жүзеге асыру, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, азаматтық қоғам институттарының рөлін айқындау тақырыптарында құнды пікірлерін ортаға салып жатыр. Мамандар кадрлық әлеуетті күшейту керек дейді. Қазір елімізде Реформалар аясында Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты күшейтілді. Конфренцияда азаптауға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтылды. Мәселен, жыл басынан бері күш органдарының 40 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 12-сі сотталды. 54 түзеу мекемесінде 29 мың бейнекамера орнатылған, бұл сотталғандардың азаптауға қатысты шағымдарын 94-тен 17-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Атқарылған жұмыстардың барлығына БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті оң баға берді. Шара ертең де жалғасады.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу