Қазақстан мен Саха республикасы әріптестік арттырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Саха республикасы әріптестік арттырмақ

06.12.2023

Қазақстан мен Саха республикасы әріптестік арттырмақ. Екіжақты сауда айналымы артып, барлық салада ынтымақтастық кеңейіп отыр. Қазақстандық делегация Саха жеріне барып, ортақ жобалар туралы әңгіме қозғады.

Индира Бегайдар, тілші:

Қазақстанды Саха республикасымен тамыры терең тарихи, мәдени гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Алыс-беріс те үзілген емес. Осы жылдың тоғыз айында сауда айналымы 119 млн долларға жуықтады. Екі тарап та ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.

Жыл сайын сауда-саттық, экономикалық байланыстар нығайып келеді. Егер пандемияға дейінгі кезеңде сауда айналымы 3-4 миллион доллардан аспаса, 2022 жылы бұл көрсеткіш рекордтық 80,6 миллион долларға жеткен. Биылғы жылдың басынан бері Якутиядан Қазақстанға бірнеше іскерлік миссиялар жүзеге асырылды.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Креатив саласындағы индустрия осы жерде жақсы дамып келе жатыр. Президенттің тапсырмасы бар. Креативті индустрияны қолға алу деген. Осы мәселені біз қарастырып, осы жердегі жақсы, ірі жобаларды Қазақстанға тартуға мүмкіншілік бар.

Саха республикасына еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге дайын. Көлік-логистика түйткілі көп шешілмей тұрған мәселе емес. IT секторында да әріптестік жоғары деңгейде. Якуттардың бірнеше ірі IT компаниясы қазір Қазақстанда жұмыс істеуде.

Айсен Николаев, Саха республикасының басшысы:

Бұл салада жемісін беріп жатқан нақты жобаларымыз бар. Сондай-ақ, Қазақстанды айти білім берумен байланысты жобалар қызықтырады деп ойлаймын. Қиыр Шығыс стартап-экспедициясы, Арктикалық стартап-экспедициясы, «Менің мамандығым-IT» конкурсы сияқты жобаларды Қазақстан аумағында біздің командалардың күшімен жүзеге асыруға болады.

Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық жобалар да сәтті жүзеге асуда. «Қазақфильм» мен «Сахафильм» кинокомпаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісім бар.

Афанасий Саввин, «Саха (Якутия) республикасын дамыту корпорациясы» АҚ бас директоры:

Якутия мен Қазақстанды ортақ тарихи тамырлар байланыстырады. Сондықтан тарихи киноларды бірлесіп түсіру жоспарланып отыр. «Қазақфильм» тек кино ғана емес, анимация, ойын әзірлеу индустриясы төңірегінде әріптестікті арттыруды көздейді.

Бүгінгі күні Якутияда бір мыңнан астам қазақ тұрады. Қандастарымыз Саха республикасында түрлі салада жетістікке жетіп, өз тарихи Отанымен байланысты үзген емес. Ал келер жылы Қазақстанда Якутияның мәдениет күндері өткізілмек.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу