«Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет». Мемлекет басшысы кезекті жолдауында аграрлық саланың алдына осындай нақты міндет қойды. Қазірдің өзінде өңделген өнімнің үлесі біртіндеп көбейіп келеді. Қостанай облысының Қамысты ауданында былтыр диірмен, наубайхана ашылса, жуырда құрама жем шығаратын цех іске қосылды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Шағын цехтағы жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Алдымен бункердегі шикізат мына үгіткіш құрылғыға түседі. Одан әрі араластырғышқа жеткізіледі. Жемнің құрамындағы барлық қоспаның мөлшері мына электронды таразы арқылы дәлме-дәл өлшенеді.
Жаңадан ашылған цехта екі ауысыммен 6 адам жұмыс істейді. Олардың міндеті құрылғылардың ақаусыз жұмыс істеуін қадағалау. Кәсіпорын толық қуатына көшкенде сағатына төрт тоннаға дейін өнім шығарады.
Айтан Айжанов, инженер:
Құрамына жемге микро, макро элементтер, тұз, белок, түрлі дәрумендер қосылады. Үй жануарының әрқайсына белгіленген рецеппен дайындаймыз. Мұндай азық малдың бойына сіңімді, сондықтан тез қоң жинайды.
Төремұрат Өтепов Қамыстыдағы жер емген кәнігі диқандардың бірі. Егіс алқабының көлемі 20 мың гектарға жуық. 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол тек шыққан астықты шикізат күйінде сатумен шектелмей, былтырдан бастап өңдеуден өткізуге ден қойды. Диірмен, наубайхана салып, кластерлік жүйеге көшті. Биыл аудан көлемінде бұған дейін болмаған құрама жем шығаратын осы цехты ашты.
Төремұрат Өтепов, шаруа:
Біріншіден, өз жұмысшыларымызға, сосын ауыл халқына көмек болсын дедік. Жұрт мал ұстайды, құс ұстайды. Қостанайдан 300 шақырымнан тасығанша жемді, енді жақын жерден арзанға алатын болады.
Қостанай облысында биылдан бастап ауылшаруашылығы өнімін өңдеу бойынша 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның жетеуі егіншілікке қатысты болса, бесеуі ет және сүт өндірісі. Бұл жобаларға барлығы 80 млдр теңге инвестиция тартылады.
Дәуренбек Әбдібек