АҚШ-та жасанды интеллектің игілігін теріс пайдаланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та жасанды интеллектің игілігін теріс пайдаланған

06.12.2023

Жасанды интеллектің бақылаусыз дамуы АҚШ мектептерінде булингті күшейтті. Оның ішінде жасанды зерденің көмегімен оқушы қыздардың жалаңаш суретін жасап, әлеуметтік желі арқылы таратудың бірнеше фактісі тіркелді. Арнайы заң бекітпесе, мұндай жағдай көбейе түспек, - дейді мамандар. 

Елдің жағасын ұстатқан оқиғаның бірі Нью Джерси штатындағы мына мектепте болған. 14 жасар бірнеше қыздың жалаңаш суреттері снапчат әлеуметтік желісі арқылы тарап кетеді. Тексеріс жалған порнографиялық суретті сыныптас бозбаланың жасанды интеллект қосымшасын пайдаланып жасағанын анықтайды.

Френческо Мани, оқушы:

Біз бұған қатты ашуландық. Қыздардың көбі жылап та алды. Мұндай сұмдық жағдайға тап боламыз деп кім ойлаған. Жасанды интеллектінің себебінен кез келгеніміз зардап шегуіміз мүмкін.

Жалған суреттер тамыз айында тараған. Бірақ, ол туралы көпшілікке енді ғана мәлім болып отыр. Арада толық екі ай өтсе де бұзақылық жасаған балаға ешқандай шара қолданылмаған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Алайда, зардап шеккен отбасылар оны мектептен шығаруды және жазаға тартуды талап етуде.

Дорота Мани, ата-ана:

Маған мектеп өкілдері хабарласып, бірнеше оқушы қыздың түрлерін пайдалану арқылы жалған жалаңаш суреттер снапчаттағы топтарда таралып жатқанын хабарлады. Алғаш естігенде шок болдым. Енді ешбір ата-ана мұндай жағдайға дайын болмасы анық. Кейін мектептің қарекетсіз отырғанына қарап, көңілім түсті.

Дәл осындай жағдай Вашингтон штатында да болды. Сиэтл қаласында орта мектепте оқитын қыздардың жаңалаңаш бейнелерін жасаған жасөспірімнің үстінен тергеу басталды. Жалпы, тәуелсіз зерттеушілердің хабарлауынша жыл басынан бері елде 143 мыңнан астам дип фейк видео мен сурет ғаламторға жүктелген.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу