Жамбылдағы Талас және Сарысу аудандарында жел мен күннен қуат алатын қондырғылар үздіксіз жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдағы Талас және Сарысу аудандарында жел мен күннен қуат алатын қондырғылар үздіксіз жұмыс істеп тұр

05.12.2023

Жамбыл облысы – «жасыл» энергетика саласы үшін өте қолайлы аймақ. Еліміздегі ең алғашқы өндірістік жел электр стансасы да осы өңірдегі Қордай ауданында іске қосылды. Облыс әкімі қазір Талас және Сарысу аудандарында жел мен күннен қуат алатын қондырғылар үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды табысты іске асыру облыстың бұл бағыттағы көшбасшылық қабілетін ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Облыста жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 нысан жұмыс істейді.

Дәл қазір аталған жобалар оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын реттеді. Сондай-ақ, барлық кәсіпорынды тоқ көзімен толық қамтамасыз етіп отыр. Ал жыл соңына дейін өндіріс саласына инвестиция тарту көлемін 572 млрд теңгеге арттыру көзделген.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Бүгінге облыстың инвестициялық портфелі 2,3 трлн теңгеге 69 жобаны қамтиды. Бұл жобаларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарлануда, оларды іске асыру қосымша 5,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

2025 жылы 13 су қоймасы салынады

Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысындағы трансшекаралық суды пайдалануға қатысты қордаланған біраз сұраққа жауап берді. Қазірдің өзінде 650 млн текше метр болатын 2 су қоймасы жаңартылып жатыр. 2025 жылы тағы да 13 жаңа су қоймасы пайдалануға берілмекші.


Тәуір Бозекен

Хабарламаларға жазылу