Калифорнияда қазақ тілі сабағы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Калифорнияда қазақ тілі сабағы өтеді

05.12.2023

Калифорния төріндегі қазақ тілі сабағы. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында әр сенбі сайын қазақ тілі сабағы өтеді. Шетелде өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің ана тілмен байланысын нығайту жергілікті қандастарымыз осындай игі жобаны қолға алды.

Әр сенбі Калифорния қауымдастығының орталығы туған тілінде оқып, жазуға ынта білдірген балаларға толады. Аптаның бес күнінде таңнан кешке дейін мектепте жүрген оқушыны демалыс күні тағы да партаға отырғызу, білім алуға құштар ету оңай емес. Сондықтан ұстаздар сабақты мейлінше интерактивті, ойын-сауық түрінде өткізуге тырысады.

Гүлнар Бөрібаева, Калифорния қазақ қауымдастығының ерікті қазақ тілі мұғалімі:

Біз оқу бағдарламасын өзіміз жасадық. Бәрін осы балаларға арнап әзірледік. Құрал - жабдықтар жетіспей жатады. Еріктілеріміз көмектеседі.

Гүлнардың өзі де ерікті. Осындағы өзге мұғалімдер секілді қызметі үшін ақы алмайды.

Лос - Анджелестегі қазақ тілі үйірмесі екі жылдан бері жұмыс істеп тұр. Апта сайын кемі жиырма бала жиналады. Бірақ оқушылардың жас шамалары да білім деңгейі де әр түрлі. АҚШ-та туып, тілі ағылшынша шыққандары да бар.

Дегенмен, нәтиже де жаман емес. Ата-аналарының айтуынша, балалар елге барғанда тосырқап қалмайтындай деңгейде.

Айман Бердібай, Лос-Анджелес тұрғыны, студент:

Екі жылдан бері осында келіп жүрміз. Бізге көмегі болып жатыр. Балалар ағылшын мектебінде оқығасын, тілдері бейімделіп кетеді. Ал мына келіп, қазақ тілін сақтап жүр.

Қауымдастық қазақ тілі үйірмесіне қатысатын балалардың санын арттыруға ниетті. Бірақ қосымша аудитория, оқулық пен көрнекілектер алу үшін қаржының жоқтығы қол байлау. Дегенмен, еріктілер қарекетсіз емес, ебін тауып, барын ұқсатып балаларға білім беруді жалғастыра бермек.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу