Алаяқтар «жасанды интеллекті» пайдалана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаяқтар «жасанды интеллекті» пайдалана бастады

04.12.2023

Интернет алаяқтар күннен-күнге адамдарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Айла асырып, адамдардан ақша бопсалау үшін олар енді жасанды интеллектті қолдана бастаған. Өткен аптада Ұлттық банк ескерту таратқан. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек? Мамандармен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Адамдардың өмірін жеңілдету үшін жасалған «Жасанды интеллекті» интернет алаяқтар адамдарды алдауға қолдана бастаған. Оның көмегімен кез келген адамның бейнесін, дауысын айнытпай салуға болады. Осыны пайдаланған киберқылмыскерлер қазақстандықтарды сан соқтырып жатыр. Алматы тұрғыны Рафаэль Оразалиевке алаяқтар хабарласып, алданып қала жаздағанын айтады.

Рафаэль Оразалиев, қала тұрғыны

Әйеліме звондады. Өзін капитанмын деп таныстырып, «ваш сын у нас» деп... Жылап жатыр «мама мен милицяға түстім» деп. Мәә саған не болды... Сосын алаяқтар ешкімге хабарласпаңыз, тезірек мынадай ақша дайындап қойыңыз, машина келеді алып кетеді деді. 01:39 Тездетіп балама хабарластым. Балам десертация жазып жатқан магистратурада. Сосын үйге келдім, артынан алаяқтар сіз бәрін құрттыңыз деп тұтқаны қоя салды.

Алаяқтардың жаңа тәсілі ерекше. Сізге бейтаныс нөмірмен қоңырау шалады да, бірнеше минут үнсіз тұрады. Олардың мақсаты дауысыңызды жазып алып, артынан сіздің атыңыздан таныс, туыстарыңыздан ақша өндіру. Дәл осылай алаяқтардың арбауына түсе жаздағандар, тіпті түскендер де аз емес.

Егер сізге бейтаныс нөмірмен жақыныңыз телефон шалып, жол апатына түстім немесе қиын жағдайға тап болдым деп ақша сұраса бірден сеніп қалмаңыз. Әуелі көз жеткізіңіз немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.

Болат Байсейітов, ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы алматы академиясы жедел-іздестіру қызмет кафедрасының бастығы:

Алаяқтар жасанды интеллекттің көмегімен тіпті, полиция қызметкерлерінің образын жасап, қылмыскерлерді ұстау мақсатында арнайы операция жүріп жатыр. Сіз қаржыңызды сақтап қалу үшін басқа банкке аударуыңыз керек деп біршама зейнеткердің жиған-тергенін жымқырған. Сондықтан ең алдымен сақ болыңыздар, егер бопсалап, алдап-арбап жатса міндетті түрде «102» нөміріне хабарласыңыз.

Киберқылмыстың шекарасы жоқ дейді, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Мысалы былтыр Украинада отырып телефон арқылы мыңдаған қазақстандықты сан соқтырған 50-ден астам алаяқ ұсталған.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу