Новосібір облысынан Астанаға әуе рейстері қатынауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Новосібір облысынан Астанаға әуе рейстері қатынауы мүмкін

04.12.2023

Новосібір облысынан Астанаға әуе рейстері қатынауы мүмкін. Еліміздің Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев бастаған делегация шекаралас өңірге барып, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сапар аясында ғылым, білім, инновация, логистика сияқты өзекті салалар бойынша әріптестік жайы сөз болды.

Новосібірдің экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуеті қашанда зор сұранысқа ие. Шекаралас өңір машина жасау, энергия кешені, химия салалары бойынша алда келеді. Сондықтан бұл облыспен әріптестікті жандандыру маңызды. Қазақстан Новосібір облысының басты сауда серіктестерінің бірі. Осы жылдың алғашқы алты айында сауда айналымы 17.5 пайызға артып, 842 млн долларға жетіп отыр. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев облыс басшысының орынбасарымен кездесу барысында екіжақты байланысты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Одан бөлек бірқатар кездесуде көлік, өнеркәсіп, туризм салалары бойынша да әріптестік жайы талқыланды.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Новосібірде біздің Қазақстаннан 5000-ға жуық студент оқиды. Осы салада да біз жағдайларын қарадық. Одан басқа ғылым саласында Новосібірден көп нәрсені үлгі алса болады. Бұл Наукаград деген салада. Бізде де сіздер білесіздер президент тапсырмасы бойынша біз қазір ғылымға мамандарды дайындау, осы салада фундаменталды ғылымның жұмысын жақсарту мәселесін біз қарастырып жатырмыз.

Елші өзара ғылыми жобалар мен зерттеулер біздің елдеріміздің игілігі үшін экономиканың нақты секторларында практикалық қолданыс табатынына сенім білдірді. Новосібір мемлекеттік университетінің филиалын Қазақстанда ашу мәселесі де сөз болды. Алыс-беріспен қатар, барыс-келіс мәселесі де айтылды.

Анатолий Локот, Новосібір қаласының мэрі:

Елші мырзамен кездесу кезінде екі жаққа да тиімді болатын сұрақтарды көтердік. Соның бірі-әуе рейстерін қалпына келтіру. Новосібірден Астнаға әуе рейстері өте қажет. Себебі жолаушылар саны көп. Біз Қазақстанмен барлық салада әріптестікті жандандыруға дайынбыз.

Өңірде 8 мыңнан астам қазақ тұрады. Қандастарымыздың тарихи Отанымен байланысты үзбеуі маңызды. Жергілікті қазақтармен кездесуде бірлескен гуманитарлық жобаларды дамыту жағы қаралды. Қазақстан жырақта жүрген қандастарымыздың рухани, мәдени дамуына үлкен көңіл бөледі.

Орынкүл Настаушева, «Отан» қазақ мәдениеті орталығының жетекшісі:

18 жылдан бері біздің қазақ қоғамымыз көбейіп, өсіп жатыр. Бүкіл Новосібір облысы бойынша өткізетін үлкен үлкен жобаларымыз бар. Мысалы Шаңырақ деген мейрамымыз бар. Ол енді международный болып бара жатыр.

Новосібір облысына барған қазақстандық делегация осылайша өзекті, елімізге экономикалық тиімді келісімдерге келіп, жоспарларды бекітті.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу