Орталық Азия елдерінде зиярат саяхатын дамыту маңызды. Бұл әсіресе, тарихи мәні зор, әулиелі мекенге тұнып тұрған Қазақстан мен Өзбекстанға қатысты. Сингапур мен Малайзияның туризм сарапшылары осындай пікірде. Бұл жайында олар Бұхара өңірінде өткен Зиярат саяхаты апталығында айтты. Ауқымды шарада іргелес екі елдің бірлесіп «Аралас саяхат» жобасын қолға алу жоспары да талқыланды.
Фестиваль қонақтары алдымен әйгілі Мір Араб медресесінде бас қосты. Ислам өркениетінің орталығы саналатын Бұқара шахарында өткен шараға Қазақстаннан да делегаттар келген.Іргелес елдегі киелі жерлерге саяхат жасаушылардың шамамен бестен бірі қазақстандық болса, Түркістан мен Сайрамға зияратқа барып жатқан өзбек ағайындар да аз емес. Бұл өте жақсы үрдіс дейді сарапшылар.
Фазал Бахриддин,туризм бойынша сарапшы:
Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан мен Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерінде зиярат туризмін дамыту керек. Себебі мұнда тарихи орындар көп. Өзбекстанда Бұқара , Самарқан, Хиуа қалалары, ал Қазақстанда әйгілі Түркістан шахары мен көптеген әулиелі жерлер бар. Осыларды өзара байланыстырып арнайы туристік бағыт жасау жоспарланғаны өте құптарлық бастама.
Ауқымды шарада саяхатшылардың арадағы шекара бекеттерінен кедергісіз өтуі, визасыз режим орнатылатын елдер қатарын арттыру мәселесі де сөз болды. Өйткені, шетелдік саяхатшылардың көбеюі туризмді дамытып қана қоймай, сол елдің қазынасын толтыруға айтарлықтай сеп болары анық.
Умиджон Барноев, Бұхара облысы Ромитан ауданының әкімі:
Ромитан ауданында әулиелі мекендер баршылық. Жалпы Бұқара өңірінде жеті пір болса, соның екеуі біздің аймақта. Саяхат жасауға құлшынысы артқан туристердің көбейіп келе жатқаны әлбетте қуантады.
Бұл ретте нақ осы зиярат туризмін бірлесе қолға алу өте сәтті бастама болды дейді келушілер. Қолөнерді дамытып отырған, он саусағынан өнері тамған шеберлердің де болашақта басын қосып, өзара шеберлік сағаттарын өткізу, тәжірибе алмасуына жол ашу жоспары бар
Базаркүл Отыншиева