Президент кезекті жолдауында «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды» деген еді. Осы мақсатты жүзеге асыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасынының рөлі зор екендігін де атап көрсеткен. Қостанай облысының шалғайындағы Қамысты ауданында осы бағдарлама бойынша несие алып, кәсібін ашқандар аз емес.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бабын тауып бақсаң тауық өсіріп те табысқа кенелуге болады. Әрине айтуға оңай болғанмен бұл сөздің артында ауыр еңбек жатыр. Құсқа күнделікті жем-суын беріп, қора-қопсыны таза ұстау да оңай емес. Алайда соның бәріне төзіп, ерінбей еңбектенсең, сәбидің жұдырығындай әр жұмыртқа қалтаға теңге боп түседі.
Қамысты ауданының орталығында тұратын Валиевтер отбасы ұзақ жылдан бері мал ұстап, құс өсіруді кәсіп етіп келеді. Ырыздық несібесін адал еңбектен тапқан елгезек жандар, шаруаның ауқымын одан әрі кеңейте түсуді көздейді. Сондықтан да биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 млн 294 мың теңге несиеге, ет және жұмыртқа бағытындағы 600 тауық балапанына сатып алды. Оның жартысын күзде семіртіп сатты. Қалғанынан жұмыртқа өндіріп отыр.
Алтын Валиева, кәсіпкер:
Пеш салып қойдық. Себебі суық түскенде де жұмыртқа беруін тоқтатпау үшін бұларға жылу керек. Қазір күніне 120-150-ге дейін жұмыртқа жинап жүрміз. Ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатамыз. Тауықтар тәулігіне 30-40 келі жем жейді. Қажетті дәрумендерін де қосып береміз.
Жалпы аудан тұрғындары еліміздегі кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалардың бәріне де қатысады. Тек жас кәсіпкерлерді қолдауға сәйкес 10 млн теңге игеріліпті. Ал «Ауыл аманаты» бойынша жалпы көлемі 64 млн теңге болатын 15 өтініш мақұлданған.
Фариза Мұқанова, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы:
Бұл бағдарлама бойынша мал шаруашылығына 9, құс өсіруге 2, балық шаруашылығына 1 жоба мақұлданды. Сонымен қатар тұрымыстық қызмет көрсетуге өтініштер түсті. Оның ішінде бір өтініш қабылданып, несие берілді.
Ерлі -зайыпты Алтын мен Дамир Валиевтер алдағы жылы тағы қосымша қора салып, құстың санын 1200-ге дейін жеткізуді жоспарлайды. Ол үшін инкубатор сатып алуға осы бастан қам жасап жатыр. Кәсіп ұлғайғасын жаңа жұмыс орны да ашылады. Жалпы биыл Қостанай болысында кәсіпкерлерлікті қолдауға 25 млдр теңге көлемінде жеңілділдетілген несие қаржы бөлінген. Сонымен қатар 84 млн теңге қайтарымсыз гранттар берілді.
Дәуренбек Әбдібек