Қаңтарда қираған нысандар қалыпқа келтірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтарда қираған нысандар қалыпқа келтірілді

02.12.2023

Қаңтар оқиғасынан кейін кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер берілді. Белгілі бір салықтар мен ғимарат-нысандарды жалға алу төлемдерінен босатылды. Соның нәтижесінде зардап шеккен бизнес өкілдері кәсіптерін қайта жандандыра алды. Экономистер осындай пікірде. Ал қаңтарда қираған нысандардың мәселесі қалай шешілді? Мемлекеттен кімдер, қандай көмек алды? 

Тараздық кәсіпкер Қалдыбек қарияның дүкені мен асханасы қаңтар көтерілісінде бүлініп, қирап қалған еді. Бірақ, Мемлекеттен берілген қаржы есебінен көп ұзамай қалпына келтіріп алды.

Қалдыбек Жаманғараев, кәсіпкер:

Жастар жүгіріп, қашып бара жатып біздің дүкенімізіге де тас лақтырып, шоқпармен терезелерді сындырып, есікті бұзып, магазиннің бәрі быт-шытын шығарды. Мынау «Атамекен» деген мекеме+қаражат бөліп, солар арқылы, сол қаражатқа барлығын жөндеп, тфәй-тфәй, Құдайға шүкір жұмыс істеп жатырмыз.

Ал шымкенттік кәсіпкер Ернар Бекқазиевтың ұялы телефон мен оның аксессуарларын сататын дүкеніне 4 қаңтар күні түнде бұзақылар бұзып кіріп, ішіндегі заттарының бірін қалдырмай тонап кеткен. Кәсіпкер қалада тәртіп орнасымен өңірлік комииссияның қарауына керекті құжаттарын ұсынып, дүкенін жөндеуге және оған жаңадан тауар сатып алуға жететін қаржы алды.Қазір саудасын қайта дөңгелентіп отыр.

Ернар Бекқазиев, кәсіпкер:

 Бізде 6,5 миллион теңге шығын болған. Соның бәрін есептеп құжаттарын тапсырдық. Сонан соң 2 айдың ішінде бәрін өтеп берді ғой. Соның арқасында қайта тіктеліп, толыққанды жұмыс бастадық. Қазір жақсы, содан бері жұмыс істеп келеміз.

Жалпы, жаппай тәртіпсіздік кезінде Шымкентте 20 кәсіпкерлік нысанына шабуыл жасалды. Олардың ішінде тамақтану орындары, киім-кешек пен аксессуар сатумен айналсқан кәсіпкерлік нысандары бар. Онан бөлек бұзақылар Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры, Түркістан сарайын да бүлдіріп, қиратқан болатын. Ал әкімшілік іскерлік орталықтағы көрме орталығының түгі қалмай жанып кетті. Қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында көше бойларына қойылған 200 дей бейнекамера істен шыққан еді.

Үсен Исаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Жалпы 20 кәсіпкер, бірақ 17 кәсіпкердің шығыны өтелді.Себебі 2 кәсіпкердің құжаттары толық болмады. Шығындарын растай алмады. Және тағы бір кәсіпкер өтінім тапсырудан өз еркімен бас тартты.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде ең көп зардап шеккен шаһар – Алматы. Ел бойынша 56 ірі бизнес субъектісі талқандалса, оның 52-сі осы қалаға тиесілі. Әсіресе, құқық қорғау органдарына шабуыл көп болған еді.

Жандос Нұрлыкешов, Алматы қаласы полиция департаментінің аға инспекторы:

Қаңтар оқиғасы кезінде бізге 27 рет шабуыл жасалды. Түні бойы жан-жақтан атыс қаруларымен, гранаталармен, тіпті таспен атқылады. Осылай 3 күн бойы күрестік. Мұндай жағдай алғаш рет болды, дегенмен, құқық қорғау саласының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерін, әскери дайындықтарын көрсете алды деп есептеймін.

Жалпы, қаңтар оқиғасына байланысты кәсіпкерлерден 2000-ға жуық өтінім келген. Шығын көлемі шамамен 100 млрд теңгеге жуық. Келтірілген залалды мемлекет тиісті деңгейде өтей алды деді экономист Мақсат Серәлі.

Мақсат Серәлі экономист:

Мұндай жағдай ел тарихында болған жоқ. Сондықтан менің ойымша жергілікті биліктің де тәжірибесі болған жоқ. Бірақ оған қарамастан өздеріне берілген міндетті атқарып шықты. Яғни, бұл тез арада комиссияның құрылуы, штабтың құрылуы, жергілікті биліктердегі қайтадан бизнесті оңалту мәселесін тез қарауы және өтемақыларды тез, жылдамдатып төлеуі қазіргі таңда бизнеске өте қатты жеңілдік болды.

Осылайша шұғыл әрекет ету механизмінің арқасында елдегі шағын және орта бизнес қайта аяқтан тұрды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу