Қызылорда облысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 1886 адам зәбір көріп, полициядан араша сұраған. Отбасының берекесін қашырған 152 адам сот шешімімен қамауға алынып, тәртіптік шараға тартылды. 175 адам жәбірленушіден кешірім алып, ескертумен құтылған. 19 іс бойынша айыппұл салынды. Жалпы әйеліне әлімжеттік көрсету деректері өңірде өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Осы орайда, саяси партиялар мен құқық қорғау органдары өкілдері және белсенді жастар аймақта зорлық-зомбылықсыз қоғам ұранымен акция өткізіп жатыр. Бұл жолы олар жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шамшидин Әмитов, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
Зорлық-зомбылықсыз 15 күн акциясы өтіп жатыр. Оған қатысты да бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі күнде 2472 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. 361 тұлғаға қатысты мінезіне ерекше талап белгіленді.
Әділбек Серікұлы