Қазақстандық стартап жобасы Өзбекстанда емдеу мекемесіне орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық стартап жобасы Өзбекстанда емдеу мекемесіне орнатылды

01.12.2023

Қазақстандық мамандар ойлап шығарған стартап жоба Өзбекстандағы емдеу мекемесіне орнатылып, ресми түрде жұмысын бастады. Жасанды интеллект ми тамырындағы ауру ошағын автоматты түрде анықтай алады. Диагностикада таптырмайтын жаңашылдық бұған дейін еліміздегі мыңдаған адамды сырқатынан айықтыруға сеп болған еді.

Жасанды интеллекттің көмегімен инсультты жылдам анықтайтын радиологиялық бағдарлама Ташкенттегі емханалардың біріне орнатылды. Енді ауру белгілері байқалған адам тиісті диагностикалық тексеруден өте салысымен, түсірілім инновациялық жүйе арқылы сканерленеді.

Меруерт Сайфуллақызы, жасанды интеллект жобасының медициналық жетекшісі:

Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін программа телефонға қосымша ретінде орнатылады. Пациентке компьютерлік томография жасалған соң нәтижесі біздің серверге түседі, 4 минут ішінде қорытындысы телефонға келеді дәрігердің.

Сервер мидың қан тамырларындағы өзгерісті дәл көрсетеді. Клиникалық-диагностикалық бағдарлама зақымданған аймақты жылдам білуге, емді уақытылы бастауға, операция жасау қажет пе жоқ па деген сауалдың нақты жауабын табуға да мүмкіндік береді.

Антон Хильчук, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты:

Дер кезінде ота жасап тромбты алып тастауға, науқастың тезірек сауығып кетуіне жол ашады. Кей жағдайларда инсульт алған адам операция үстелінен тұрған соң жылдам оңалуға бет бұрады. Мұның барлығы сырқатты ерте кезеңде анықтағанның пайдасы. Бұл жоба ишемиялық инсультті емдеу ісін жаңа деңгейге көтереді деген сенімі мол.

«Cerebra» инновациялық жобасын қазақстандық ІТ мамандар мен нейрорадиология ісінің шеберлері жасап шығарған. Алғаш рет 2021 жылы Алматыдағы клиникалық ауруханаға орнатылған бағдарлама еліміздегі инсульт орталықтарында сәтті жұмыс істеп келеді. Мамандар бұл жаңашылдықты Өзбекстаннан басқа да бірқатар алыс жақын елдердегі емдеу нысандарына енгізуді жоспарлап отыр .

Базаргүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу