Шығыс Қазақстан балық өсіру бойынша рекорд орнатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан балық өсіру бойынша рекорд орнатты

30.11.2023

Елімізде алғаш рет лецитин өндірілмек. Өсімдік ұлпасынан алынатын май адам ағзасына өте пайдалы. Қазір Шығыс Қазақстан облысында жылына төрт мың тонна лецитин алу үшін, күнбағыс тұқымын өңдеуді бастап кетті. 2025 жылы дертке дауа болатын сұйықтықтың құрғақ түрін экспортқа шығару жоспарланған. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы агроөнеркәсіп саласы бойынша айтарлықтай жетістікке жеткен.

ШҚО балық шаруашылығының да бабын тапқан. Оны өсіру және аулау бойынша рекорд орнатты. Облыс әкімі Ресей, Қытай және Еуропа елдеріне жыл сайын 2 мың тонна өнімді экспорттай аламыз деп отыр. Ал үш жыл ішінде 10 мың тоннасы ауланып, 3,5 мың тоннадан астам балық қолдан өсірілген. Облыс әкімі Ермек Көшербаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 3 жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы қайта өңделген өнім үлесін 70 % ұлғайтамыз дейді.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өндіріс көлемі мал шаруашылығында қырық жеті процентке, дақыл өсіру елу үш процентке жетеді. Бұл жалпы өңірлік өнімнің – сегіз проценті. Салада тоғыз да төрт мың – шаруа және фермер қожалықтары тіркелген. Онда он сегіз мыңнан астам адам жұмыс істейді.

1007 кәсіпорын жұмыс істейді

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында да қарқын бар. 47 мың адам еңбек ететін мыңнан аса кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Ол республиканың өнеркәсіп өніміндегі 5% құрайды. Сондай-ақ облыс әкімі туристік аймақтарға апаратын жол мәселесіне де тоқталды. Орманды алқаптарды отап тастап, жол салу заңға қайшы екенін жеткізді.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Шығыста көптеген туристік кешендер орманда, тауда орналасқан. Осы мәселені біздің аймаққа іссапармен келген Үкімет басшыларына жеткізіп, қолдау таптық. Бүгінгі таңда тиісті министрліктермен бірлесе шешу жолын іздеп жатырмыз. Екіншісі, біз өңірімізді брендке айналдыратын іс-шараларды қолға алудамыз.

Тәуірбек Бозекен, Тілші:

Бүгінде жергілікті билік Қатон-Қарағай мен Алтай қаласына келуші туристерге арналған тікұшақ мәселесін қарастыруда. Себебі, Қатон-Қарайғай тауында 80 жылдары салынған тікұшақ қонатын алаң әлі бар. Егер инвестор табылса Өскеменнен Қатон-Қарағайға, Қатон-Қарағайдан Алтай қаласына бағыт алатын бірнеше тікұшақты іске қосу жоспарланып отыр.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу