Өңірлерде қызылшаға қарсы күрес жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде қызылшаға қарсы күрес жүріп жатыр

30.11.2023

«Екпе алмаған балалар мен жаңа туған сәбилерді жаппай вакцинациялауды қолға алу қажет». Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсембаев үкіметке осылай деп сауал жолдады. Расында да, қазір қызылша бойынша эпид-ахуал күрделі. Бірер күн бұрын Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, облыс әкімдері де қызылшаға қарсы күресті күшейтсін деп тапсырма берді. Әсіресе, екпе алуды және ақпараттық түсіндіру жұмысын ширатуды міндеттеді. Әкімдер іске кірісті ме? 

Көкшетауда қызылшаға қарсы екпенің маңызы жайлы ақпараттық түсіндіру жұмысы әлі басталмаған. Алғашқыда әкімдік көшедегі лэдэкран мен қоғамдық көліктерде бейне және аудио материалдар жарияланды деген ақпарат берді. Алайда шаһарды аралап шыққан түсірілім тобы бұл бағытта түсіретін нәрсе таппай келді. Кейін бұны әкімдіктегілер де растады.

Ал еліміздің батысында дәрігерлер үй аралап, екпеден бас тартқан тұрғындарды райынан қайтарып жүр. Өңірде иммундалуы тиіс 3700-ге жуық сәбидің 67 пайызы вакцина алды.

Әйгерім Нұрмашева, қала тұрғыны:

Тұмау сияқты болып білінді бастапқыда белгілері. Кішкентайында екпе алмаған болатынбыз. Үлкен қызымыз бала кезінде екпе алды. Ол жақсы, ауырған жоқ. Балабақшадан жұқтырғанбыз. Онда басқа балалар да ауырып жатыр. Көбі - екпе алмағандар.

Түркістанда науқастарға төсек-орын табу мәселесі қиындады. Ауруханаға тек дерті асқынғандар ғана жатқызылып жатыр. Өңірде 35 мектеп пен 37 балабақша инфекция ошағына айналған. Арнайы штаб құрылып, осы айда 14 363 бала қызылшаға қарсы екпе алған.

Мутабар Шерметова, Түркістан қалалық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Аурудың өршуіне байланысты біз қосымша бөлімдерді өзімізге алып жатырмыз, науқас жатқызуға. Көшеде қалмасын, асқынып кетіп жаман болып қалмасын, өлімге кетіп қалмасын деген жағдайларға қарай біз төсек орнымызды 100-ге көбейттік.

Шымкентте қызылшаға қарсы екпе салатын 49 мобилді топ жасақталды. Мұнан бөлек, мектеп, балабақша, емханаларда екпе салатын 187 пункт жұмыс істеп тұр.

Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Шымкент қаласы бойынша қызылша ауруынан өлім-жітім болған жоқ. Инфекциялық ауруханада 260 орын есептелген. Бүгінгі таңға оның 79 пайызы ғана толып тұр. Және қосымша 60 койка ашылған.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкімет отырысында елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін айтқан. Олардың 82 пайыздан астамы балалар. Сондықтан да, Үкімет басшысы қызылшамен күресті тұтас қоғам болып жүргізу күрекпіз деген болатын.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу