Түркияда әскерге барғысы келетін жастар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда әскерге барғысы келетін жастар көп

30.11.2023

Әскерге бару міндет пе әлде әркімнің таңдауы болуы тиіс пе? Әлемнің көптеген елдерінде бұл сұраққа қатысты тартыс көп. Бауырлас Түркияда жастардың басым бөлігі әскерге баруды міндет деп түсінеді. Жастарды отан алдындағы борышын өтеуге сырнайлатып, кернейлетіп шығарып салу дәстүрі де бар.

Айдос Әшімұлы тілші:

Түркия республикасының негізін қалаған Ататүріктің «біздің еліміз екі түрлі адамдардың өлкесі. Бірі – әскер, екіншісі – диқан» деген сөзі бар. Шынында Түркияда әскерге, әскерилерге деген көзқарас жоғары деңгейде. Балалар жастайынан сарбаз болуды армандап, әскерге баруға құлшынып тұрады. Содан да болар бүгінде Түркия қарулы күштері қуаты жөнінен НАТО елдері арасында екінші, ал әлемде жетінші орында.

12 жылдық мектепті бітірген жастарды Түркияда әскерге осылай шығарып салады. Әскерге баруға 20-ға толған әр ер азамат міндетті. Отан алдындағы борышын өтеу мерзімі 12 ай. Жақында ғана 20 жасқа толған Фуркан да биыл әскерге баруға дайындалып жүр.

Фуркан Кылыч, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Шынымды айтсам кішкентайымнан әскер болуды армандайтынмын. Дегенмен өсе келе дәрігер боламын деп шештім. Алайда отан алдындағы борышымды өтеуге міндетті түрде барамын. Алдымен бір жыл әскерге барып келіп, содан кейін университетке түспекпін. Жігіт болған соң әскерге бару міндет деп білемін.

Түркия заңына сәйкес әскерге барғысы келмеген азамат мемлекет қазынасына белгілі сома төлеп, одан бас тартуына да болады. Әскерге бармаудың құны 105 мың лира яғни, шамамен 1 млн 800 мың теңге көлемінде. Алайда бұл қызметті пайдаланатындар некен-саяқ.

Зеки Актүрік, Түркия қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Біз жыл өткен сайын келісім шарт бойынша қызмет ететін әскерилер қатарын арттырып отырмыз. Дегенмен мерзімді сарбаздарды шақыру да қатар жүреді. Себебі әскерге келгісі келетін жастар қатары көп. Әскеріміздің санымен қатар сапасын да арттырып, заманауи технологиямен жабдықталған кәсіби армия жасақтап жатырмыз.

Түркияда жыл сайын әскерге шамамен 350 мың адам алынады. Жан-жағындағы елдерді соғыс өрті шарпыған, өзі де террорлық топтармен күн сайын бетпе-бет келетін түрік армиясының бүгінде саны да сапасы да жоғары. Түркия әскерінде әлімжеттік емес, тәртіп пен тәрбие алдыңғы орында тұратыны да сондықтан болар.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу