Ұлыбританияда декрет демалысындағылар жұмысқа шығуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда декрет демалысындағылар жұмысқа шығуға мәжбүр

30.11.2023

Ұлыбританияда бүгінде бала туу тұрмақ жан бағу қиын. Азық-түлік қымбат, жылу мен жарықтың бағасы аспандап тұр. Сондықтан декреттік демалыстағы аналар жұмысқа шығуға мәжбүр. Өйткені жәрдемақы жетпейді. Зерттеуге қатысқан әрбір оныншы әйел босанғаннан кейін 4 айдан соң жұмысқа қайта оралғандарын айтады.

Сара Лейн, Лондон тұрғыны:

Уақытынан бұрын жұмысқа қосылдық. Балаға күтуші жалдау немесе балабақшаға беру өте қымбат. Кішкентайымызды өзімізбен бірге кеңсеге апарамыз.

Декретке шыққан кезде әйелдердің орташа апталық табысының 90 пайызы 9 ай ғана төленеді. Бұл сомадан салық ұсталады. Біржолғы жәрдемақы болса да жоқ. Аналардың жұмысқа ерте қосылып кетуінің себебі де осында.

Эндрю Харроп, «Fabian society» саяси сараптамалық орталығының басшысы:

Басқа бай елдермен салыстырғанда біз артта келеміз. АҚШ-тың жағдайы тіпті сорақы. Еуропалық елдерде әйелдерге жалақысының 100 пайызын төлеп береді. Осыған қарап, ой қорыта беруге болады.

Заңмен белгіленген декреттік төлемді көбейтуді талап еткендер петиция жариялады. Биліктегілер өтініштерін қанағаттандырмады. Кедейшіліктің кесіренен жас аналар мен балалардың тәні мен жаны сыр бере бастаған. Нәтижесінде нәрестелер өлі туылып, шетінеп кеткендер көп.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу