Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алсаңыз, 50 пайызын мемлекет төлеп береді. Мұндай керемет қолдау «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Бірақ осындай жеңілдікті алу үшін жеке шаруалар бірігіп, кооператив құруы керек. Шаруашылық іріленсе, несиені 2,5 пайызбен алады.
Бүгінгі Сенат отырысы ауыл шаруашылығы саласына арналды. Кооперацияны дамыту мәселелері талқыланды. Сенаторлар қарапайым халықтың түрлі бағдарламалар жайлы хабарсыз екенін сынға алды. Мәселен, бір ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасында 5 бағыт бойынша жеңілдіктер қарастырылған.
Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мысалы, мал алуға 5 жылға 2,5 %, техника алуға лизинг арқылы 50% жеңілдік, жеке кәсібін ашуға 27 млн теңге 2,5% жеңілдікпен, егер үш жылда толық өтесе 100 млн-ға дейін мүмкіндік қарастырылған. Осыны шаруаларға жеткізу керек.
Ал мұндай жеңілдік жеке шаруаға берілмейді. Яғни, талап бойынша шаруалар бірігіп, кооператив құруы керек. Сол кезде 2,5 пайызбен несие беріледі, алған техникасының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасымен биыл іріленген шаруаларға 60 млрд теңге бөлінген.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 97 млрд-қа өтініш кірді. Оның ішінде 60 млрд диқандарға түсті. 244 кооператив ақша алды. Бірақ осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400 кооператив құрылды.
Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінсе, келер жылға да сонша қаражат бөлу қарастырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 3284 ауыл шаруашылығы кооперативтері тіркелген. Бірақ оның 60%-ы салық төлемейді. Себебі басым бөлігі жұмыс істемейді. Мемлекеттің қолдауынан да хабарсыз.
Самал Қабышева, тілші:
Ал елімізде іріленбеген 270 мыңға жуық шаруа қожалығы тіркелген. Осы шағын шаруашылықтардың 3%-ын ғана қолдау алуға мүмкіндігі бар екен. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей енді шаруаларды ірілендіру бағытындағы жұмысқа басымдық берілмек.