Биыл қыс кеш келеді – синоптиктер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл қыс кеш келеді – синоптиктер

29.11.2023

Бірер күннен кейін қыс келеді. Алайда оңтүстікте құдды бір көктем сияқты. Тіпті осы уақытта ақ қарға оранып, борап жататын ел астанасында да әлі қар жоқ. Бұған не себеп? Еліміздегі климаттың бұлай өзгеруіне жаһандық жылынудың әсері бар ма? Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Алматыда бүгін ауа температурасы +15 градусты көрсетіп тұр. Желтоқсан айымен араны бір-ақ күн бөліп тұрса да, жыл сайын қылышын сүйрей келетін, аязды қыстың лебі сезілмейді. Тіпті, мегаполистегі ағаштардың барлығы бірдей сары түске боялып үлгермеген, ал жердегі шөп әлі жап-жасыл. Оңтүстік аймақ болғанына қарамастан қыстың бұлай кешеуілдеуіне тұрғындар да аң-таң.

Еуропа одағының Коперник атындағы климаттық қызметінің мәліметінше, тарихта ең жылы күз биыл болған. Мамандардың сөзінше, соңғы 125 мың жылда әлемде ауаның температурасы дәл биылғыдай жоғары болмаған. Мұның барлығы жаһандық жылынудың әсері дейді олар. Осы мәселе күні ертең Дубай қаласында климаттық конференцияда талқыланбақшы. Отандық синоптиктер күн райының мезгілге сай болмауын былай деп түсіндірді.

Афродита Пірімжар, «Қазгидромет» РМК 1 санаттағы инженері:

Қазақстан аумағына тән емес жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік цинклондардың жиі орын алмасуымен, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңіз аудандарынан жылы ауа массасының келуімен сипатталады. Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10 градус жоғары болды. Соңғы рет ауа райының жылы қараша айы 2010 жылы болды. Ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7 градусқа дейін ауытқыды.

Еліміздің басым бөлігінде бұл кезде қар жататын. Елордада, тіпті ақтүтек боран соғып, алай-дүлей желдің екпіні тұрғындарды әбігерге салатын. Бірақ биыл жағдай өзгеше. Синоптиктердің сөзінше, Қазақстанның басым бөлігінде ақ ұлпа желтоқсанның 10-на қарай жауады.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу