Шығыс Қазақстан облысында жол жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында жол жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінеді

29.11.2023

Шығыс Қазақстан облысында алдағы жыл - «жол жылы» деп жарияланбақ. Негізгі басымдық шекаралық аудандар мен ауыл ішіндегі бағыттарды жаңғыртуға берілмек. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 28 миллиардтан астам теңге бөлінетін болды. Нәтижесінде алдағы бірнеше жылда аймақтағы автокөлік жолдарының 60-70 пайызы бүтінделмек.

Шығыста келер жылдан бастап жолды жөндеудің бес жылдық жоспары әзіреленді. Бұл жыл сайын белгілі учаскелерді алдын ала зерттеп, жұмысты жүйелеуге септігін тигізеді. Басты басымдық аудандардың арасы мен ауылдардың ішіндегі жолдарды жаңғыртуға берілмек. Ал биыл барлық бюджет көзінен 20 миллиардтан астам теңге бөлінді. Нәтижесінде 392 шақырым жол жаңғыртылды. Ал алдағы жылы 600 шақырым автокөлік жолы жөнделеді.

Нұржан Жұмаділов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Мұнымен қоса «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Қосымша 90 шақырым. Сонымен қатар облыстық, қалалар мен аудандардың өздерінің бюджетінен бөлінген қаржы бар.

Өңірдегі тағы бір маңызды стратегиялық нысанның бірі- Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан көпір. Құрылысы 2021 жылы басталған нысанға республикалық бюджеттен бастапқыда 28 миллиард теңге бөлінді. Ал қазір 60-62 миллиардқа жеткен.

Әсет Сұлтанов, «Обл Шығыс жол» ЖШС директорының орынбасары:

Құрылыс нысанында қазір 2 аусымда 200-ге жуық жұмысшы бар. Бүгінге дейін көпірдегі 20 тіреудің 17-сі қойылды. Енді үшеуі ғана қалды. Ол келер жылы қойылады. Жалпы темір конструкцияға қатысты монтаждау жұмысының бүгінге дейін 80 пайызы атқарылды.

Тікелей Президенттің тапсырымасымен салынып жатқан бұл көпірдің ұзындығы- 1316, ені- 12 метр болады. Екі жолақты көпірден тәулігіне 80 мың автокөлік өте аталады.

Аймақтағы автокөлік жолдарын қыста қардан тазалау үшін 119 техника бар. Ал көктайғақ кезінде жолға себілетін 2 мың тонна инертті материал дайындалды. Оған қоса 4 жылыту пункіті жұмыс істейтін болады.

 Олжас Керейхан


Шығыс Қазақстан облысы

Хабарламаларға жазылу