Жырақта жүргенде елге деген сағыныш ерекше арта түседі дейді АҚШ-тың Калифорния штатындағы қазақтар. Туған жерге деген сағыныштан балалардың бір бөлігі аз уақыттың ішінде домбыра үйреніп алыпты.
Домбыра тарту өз алдына оны топ болып бір ырғақпен шертудің өзі үлкен өнер. Туған жерде ұлттық аспапты ұстап та көрмеген қазақ балалары бір жыл ішінде төл өнерді шебер меңгеріп алды. Себебі, елге деген сағыныш ұлттық салт-дәстүрге қызығушылықты күшейткендей.
Меруерт Бауыржан, домбыра үйренуші:
Елде жүргенде қазақ дәстүріне онша қызықпаппыз. Осында келіп түсіндік. Өзіңнің мәдениетіңді, дәстүрініңді, дастарханыңды сағынады екенсің. Сол үшін міне тіл оқып, домбыра үйреніп жүрміз.
Бекнұр Әбдісақып, домбыра үйренуші:
Домбыраны осында келіп қолыма ұстадым. Қазір әжептәіур үйреніп қалдым. Бір екі күйлерді білемін.
Үйірме Калифорния қазақтары қауымдастығының жанынан бір жыл бұрын ашылған. Ұстаз Әйгерім Нұржаубекова да бұрын соңды домбырадан сабақ беріп көрмепті. Алайда музыкалық білімі көмек болып, қазір жиырма шәкірт тәрбиелеп отыр. Нәтиже де жаман емес. Балалардың алды бес күйді үйреніп алған
Әйгерім Нұржаубекова, ерікті ұстаз:
Халық күйлерінен бастадық, халық әндерін біледі. кейде сөйлесем өздерің не үйренгілерің келеді деп. Олар қазіргі трендтегі күйлерді сұрайды.
Қатарластарының домбыра тартқанына қызығып үйірмеге сұранып келіп жатқан бала көп дейді Әйгерім. Сондықтан оларды жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлуге тура келген. Бір жылда бірнеше халық күйін үйренген жасөспірімдер көп ұзамай кәсіби домбырашы деңгейіне жетеріне сенімді. Демек, бірер жылда Лос Анджелес төрінде кіл жастардан тұратын ұлттық ансамбль құрылып қазақы дәстүрлі батыс жұртына паш етіп жатса таң қалмаңыз.
Жалғас Сәдібекұлы