Сапасыз жолдар мәселесі Үкіметке жетті. Бүгін Әлихан Смайылов әкімдер мен жауапты министрлерге жолға қатысты тұрақты мониторинг жүргізіп, жөндеу бойынша шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды. Тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады.
Бұл бүгін Үкіметте Әлихан Смайыловтың өзі айтқан Тараздағы көшелердің бірі. Жолдар шұрық тесік, жөндеусіз жатқанына 7 жыл.
Дәл осылай тұрғындардан мемлекеттік органдарға 19 мыңнан астам арыз түскен. Премьер министр бұқараның жолдың сапасына шағымы көп екенін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды. Ал, әкімдер жол құрылысына ақша бөлуге келгенде сараңдық танытып отыр. Мәселен, жөндеу жұмыстарына қаралған 384 млрд теңге қаржының тек 21 пайызы ғана жергілікті бюджет есебінен шығып отыр. Көлік Министрі Марат Қарабаев, бұл да болсын шаруаның қиюын кетіріп, сапаны ақсатады дейді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Жолдардың жай-күй ең төмен өңірлерде жергілікті бюджеттен мүлдем қаражат қаралмаған. Олар Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау жіне Атырау облыстары. Осы орайда тиісті әкімдіктер жолдардың жағдайын көтеру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыру қажет.
Жыл соңына дейін 3600 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Содан кейін ұзындығы 4,7 мың км болатын жаңа жобаларды іске асыру басталады. 2030 жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәлізін жаңғырту жұмысы аяқталады.Әрі, құрылысы ұзаққа созылған автожолдарға басымдық берілмек. Бұл ретте Атырау-Астрахан, Мерке-Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Қандыағаш сияқты автомагистарльдарда жұмыс жанданады.
Айтпақшы, көлік министрі ақылы жолдарға тариф қалай енгізілетінін де түсіндірді. Ведомство басшысы бір айлық тарифті ақылы жол маңындағы елді мекендердің тұрғындары пайдаланады . Күн сайын өтетін жолаушылар айына 1000 теңгеден төлейді. Ал уақытында төлемегендерге ешқандай айыппұл қарастырылмаған.