Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу шарты аясында төрағалық етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу шарты аясында төрағалық етеді

28.11.2023

Қазақстан ядродық қаруға тыйым салу шарты аясында екі жыл төрағалық ететін болды. БҰҰ-да бүгін басталған шартқа қатысушы елдердің екінші конференциясында осындай шешім қабылдады. Төрағалық ету міндетін еліміз Мексикадан қабылдайды. 

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазіргі геосаяси жағдай ушыққан уақытта алпауыт елдер өзара келісімдерді тоқтатып, ядролық сынақтарға қайта кірісіп кеткені әлемді алаңдатып отыр. Жаппай қырып жою қаруымен бір-біріне қыр көрсету өте қауіпті тенденцияға айналып барады. Ядролық қаруға тиым салу бойынша шартқа қатысушы елдердің екінші конференцияда сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бұл қару түрін сынау және қолдану адам айтқысыз апаттарға әкелуі мүмкін екенін ескертті әрі тараптарды жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін өзара диалогқа шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы БҰҰ-мы мінберінен жасаған «Әділетті бейбітшілік пен келісім үшін бүкіләлемдік бірлік» деп аталатын бастамасына тоқталды.

 Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

Бұл бастаманың негізі БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа, өзара сыйластыққа негізделген «тең диалог» формуласы. Мен барлық елді ортақ игілік үшін осы парасатты бастамаға қосылуға шақырамын. Қазақстанның шартты ратификациялауда ядролық қарусыздануға деген бұрыннан келе жатқан моральдық-саяси ұстанымды басшылыққа алды. Семей полигонындағы жарты ғасырлық кеңестік ядролық жарылыстан кейін миллионнан астам қазақстандық радиациялық әсердің қайғылы зардабын тартып жатыр. Шамамен Нью-Джерси штатына тең 18 мың шаршы щақырымнан астам жер ластанып жарамсыз болып қалды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Жиында Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Кирибати елдері бірлесіп Халықаралық траст қорын құру жөнінде ұсыныстар дайындаған хабарлады. Бұл қор ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге байланысты жобаларды қаржыландырмақ. Енді осы шартқа төрағалық ету міндетін өзіне алған Қазақстан алдағы екі жылда шартқа қатысушы елдерің осы бағыттағы белсенділігін ширатуға күш салмақ.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

Шартты одан әрі әмбебаптандыру, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану нормаларын нығайту негізгі мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық арқылы жүзеге асуы мүмкін деп санаймыз. Осы мақсатта 2024 жылы Қазақстанның төрағалығы аясында елімізде ядролық қарудан азат аймақтардың бірлескен отырысын өткіземіз. Мүдделі талаптарды бұған белсенді қатысуға шақырамыз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

122 ел дауыс беріп қолдаған Ядролық қаруға тиым салу келісімі екі жыл бұрын күшіне енген болатын. Осылайша бұл құжат әлем тарихында алғаш рет ядролық қаруды иеленуге халықаралық құқық негізінде тыйым салды. Қазіргі таңда келісімге 93 мемлекет қол қойса оның 69-ы Шартты ратификациялап үлгерген. Бірақ, ТМД елдері ішінде әзірге Қазақстан ғана құжатты бекіткен. 

Айта кетейік, жаппай қырып жою қаруларына жататын химиялық және биологиялық қаруларды қолдануға әлемдік деңгейде тиым бар. Тек мемлекеттер оның ішінде ядролық бестік елдері ядролық қарудан бас тарпай отыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу