Отандық құрылыс саласының білікті мамандары Өзбекстандағы ірі кен орындарын игеруге атсалысып жүр. Олар жері табиғи байлыққа тұнып тұрған Алмалық өңіріндегі ауқымды жобаларда еңбек етеді. Құрылысшы инженерлер монтаждау, электрмен жабдықтау және автоматтандыру бағыттарына жауапты.
Алты жыл бұрын игеріле бастаған кен орнында негізінен жастар еңбек етеді. Арасында қазақстандықтар да бар. Ірі жобаға біздің елден 700 ден астам кәсіби құрылысшы мен инженер мамандар тартылған. Олардың маңызды нысанды салуға үлес қосып жүргеніне екі жылға жуықтапты.
Шыңғыс Қадыров, мердігер компанияның өндіріске дайындау тобының жетекшісі:
Бұл жерде мыс фабрикасы соғылып жатыр, қазіргі уақытта ДПУ 1,2,3 деген дробилкаларымыз бар, біреуін жұмысқа қостық. Құрылыс бетон жұмыстары аяқталған, дәл қазір монтаждау және электрлік кабельдерін төсеу жұмыстары жүріп жатыр.
Кен орны алтын қоры бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр. Сондай ақ күміс, мыс, селен сияқты бағалы элементтерге бай. Жобаны игеруде заманауи әдіс қолданылады. Алынған пайдалы қазба циклды-ағынды технологияның көмегімен арнайы конвейер арқылы тасымалданады.
Шыңғыс Қадыров, мердігер компанияның өндіріске дайындау тобының жетекшісі:
Бұл жерде жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Бұл технологиялар Қазақстан мен Ресейде іске қосылған, сапа жағынан жақсы нәтиже көрсеткендіктен енді бұл мегажобаны Өзбекстан да қолданып жатыр.
Жаңа кен байыту фабрикасына дейін созылған магистральды конвейердің ұзындығы төрт шақырымнан асады. Ауқымды жобалардың бірі саналатын нысан құрылысы екі жыл бұрын басталған. 200 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Фабрика іске қосылғанда, жылына 60 миллион тонна кенді байытуға қуаты жетеді.
Умида Қаршыбаева, кен байыту комбинаты баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазақстан біздің негізгі серіктестеріміздің бірі, өнімдеріміз ол жаққа да экспортталады. Мұндай металлургиялық кәсіпорындар Қазақстанда да бар, біз олармен үнемі байланыстамыз, тәжірибе алмасу мақсатында түрлі жиындар мен басқосулар өтіп тұрады.
Кешен толығымен пайдалануға берілген соң , 6500-дей адам жұмыспен қамтылмақ.
Базаркүл Отыншиева