Астанадағы музыкалық жас көрермен театрының актері Әлішер Исмаилов Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келді. Оны вокзалдан әріптестері, жақындар ыстық ықыласпен күтіп алды. Сарбаз жуырда ғана Австралияда өткен кинофестивальде «Ең үздік жаңа орындаушы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған. Халықаралық байқауда режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмінде сомдаған рөлі жоғары бағаланған.
Әлішер Исмаилов сомдаған рөлінің үздік атанып, «Азия Оскарын» иеленгенін казармада естіген. Алматыдағы 5571 әскери бөлімде отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас актерге мұны командирі айтыпты.
Әлішер Исмаиылов, актер:
Маған сол кезде командирім айтқан, Instagram желісінен көріпті. Содан маған айтты. Қызықты жағдай болған. Әскери өмір жақсы әдеттерге, бағалауды үйретеді.
Ұстазы Асхат Маемиров Әлішердің «Ағайындылар» фильміндегі рөлі осыған дейін 7 бірдей халықаралық конкурста үздік атанғанын айтады. Алайда бұл кинофестивальдің орны бөлек дейді. Себебі бұл сыйлықты «Азия Оскарына» балауға болады.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Әскерилердің жауапкершілігін, елдің алдындағы мемлекетшілдікті бойына сіңірді. Сондықтан болашақта тарихи кинолар болсын, драма болсын әскерде жинаған тәжірибесін салатынына сенемін.
Әлішер Исмаилов «Ағайындылар» фильміне 2021 жылы түскен. Туындыда әке-шешенің қарауынсыз өсіп, тағдырдың таршылығын көрген жігітті сомдайды. Кинодағы рөлі көрерменнің ықыласына бөленгенінен бөлек, кинофестивальдерде әлі үздік аталып келеді.
Аида Ахметбек