Қасым-Жомарт Тоқаев: SPECA – Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірге айналуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: SPECA – Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірге айналуы тиіс

26.11.2023

SPECA – БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы әрі ұйым. 1997 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған. Бірақ бірлестік атауы саясат сахнасында көп атала бермейтін. Жыл сайынғы жиындары вице-премьер мен министрлердің деңгейінде ғана өтетін еді. Бірақ Бакуде өткен бұл жолғы кездесудің жөні бөлек.

Биылғы жиынның ерекшелігі сол, саммит ұйымдастырылып, оған алғаш рет ұйымға мүше Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Әзербайжан президенттері қатысты.

Саммиттің бұлайша жоғары дәрежеде өтуі бекер емес. Қазір SPECA-ның рөлі арта түсті. Өйткені геосаяси ахуал ушығып, санкциялар соғысы күшейді, әлем бойынша логистика жүйесі бұзылып, түрлі қарулы қақтығыстар жүріп жатыр. Сондықтан Орталық Азия елдері қарап отырмай, өз ойын ережесін енгізуі керек.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

Біздің елдерімізді біріктіретін тағы бір фактор бар. Ол біздегі бейбітшілік, тұрақтылық. Өзге аймақтарда соғыс өрті тұтанып жатқанда, біз дамудың жаңа жолына түсуіміз қажет.

Мұны тараптардың қай-қайсысы да қалайтыны түсінікті. Ол үшін қайтпек керек? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ұсынысын ортаға салды. Ұйым елдері ең алдымен өзара сауда көлемін арттыруға көбірек көңіл бөлуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады.

Бірақ сауданы арттыру үшін көлік логистика жүйесін жетілдіру қажет. Қазір санкцияларға байланысты Орта яғни, Транскаспий көлік дәлізінің маңызы артты. Енді бұл мүмкіндікті құр жібермеу керек. SPECA – Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірге айналуы тиіс деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақын жылдары бұл бағыттағы жүк тасымалы едәуір ұлғаяды. Орта дәлізді «Бір жол, бір белдеу» және Трансеуропалық көлік желісімен қосу бәріміз үшін тиімді. Әрі бұл әлемдік саудаға тың серпін береді. Одан бөлек Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту бойынша белсенді ынтымақтастыққа дайын. Біздің ел көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін соңғы 15 жылда 35 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Ал алдағы 3 жыл ішінде 1300 шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Марио Апостолов, Теміржол серіктестігі ұйымының комитет төрағасы:

Қазір орта дәліздің маңызы артты. Дегенмен транскаспий дәлізінің жүк тасымалдау мүмкіншілігі өзге дәліздерге қарағанда әле де төмен. Бірақ әлеуеті зор. Соны толық пайдалануымыз керек.

Қазір SPECA елдері жұмыла көлік логистика жүйесін жетілдіріп жатыр. Мәселен енді жүкті елдер арқылы транзитпен тасымалдау үшін бір ғана рұқсат қағазы жеткілікті. Қажетсіз құжаттар да жойылып, тасымалдау саласы цифрландырылмақ.

Әсет Асаубаев, ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының Бас хатшысы:

Бүгінгі күні бір теміржол түрінен екінші теміржолға жүкті ауыстырған кезде сіз міндетті түрде екінші накладнойды рәсімдеп отырасыз. Көлік түрі ауысқан кезде де сіз қайтадан сіз ол накладнойды рәсімдейсіз. Сондықтан оның бәріне кететін уақыт оның бәріне кететін шыған бәрінің көзі жойылады. Яғни ертең Қытай елінен Еуропаға дейін бір накладнойдың түрі бойынша жүкті тасымалдауға мүмкіншілік болады. Сондай-сондай шаралар атқарылып жатыр.

Бұдан бөлек, Қазақстан Ақтауда контейнерлік хаб құрып жатса, Әзербайжан теңіз порттарының мүмкіншілігін арттыруға көшті.

Досжан Маратұлы, тілші:

Мәселен бұл Бакудегі Әләт теңіз порты. Осы жерден батысқа да шығысқа да кемемен жүк тасымалданады. Бірақ сыйымдылық 80 мың контейнер. Енді оны 500 мыңға жеткізу көзделген. Бұл Каспий арқылы көршіміз Әзербайжанмен алыс берісті арттырып қана қоймай, жүк тасымалы уақтын да қысқартады.

Әрине, мұның бәрі сауда көлемін арттырады. Осы ретте президент Қазақстан SPECA елдеріне құны 2 миллиард 300 миллион доллар болатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын деді. Бұл әсіресе, құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастыққа тың серпін береді.

Абзал Кәрімов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Біздің саудалық ынтымақтастығымызды дамыту үшін біздің әлеуетіміз зор. Бүгінгі таңда міне, кәсіпорындар бір-бірімен байланысып, экспорттау бойынша, тауарайналымды көбейту бойынша бірнеше келсімдерге келіп отыр.

Бұдан бөлек, ұйым елдері энергетика, ауыл, су шаруашылығы мен экология салаларында серіктестікті арттыруға ниетті. Бұл ретте президент Каспийдің ахуалына назар аударуға шақырды. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Ильхам Әлиевпен Баку-Тбелиси-Джейхан құбыры арқылы мұнай тасымалын арттыру жайын талқылады. Биыл осы баламалы бағытпен 1,5 млн тонна қазақ мұнайы Еуропаға тасымалданбақ. Келесі жылы оны 4 есе арттыру көзделіп отыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу