Қазақ ғалымы болашақтың био отынын жасап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ғалымы болашақтың био отынын жасап жатыр

25.11.2023

Қазақ ғалымы болашақтың био отынын жасап жатыр. Сәкен Шерханов басқаратын АҚШ-та ғылыми зерттеу орталығы жанар-жағармайдың жаңа буынын өндірудің тың жолын сынақтан өткізуге кіріскен. Ақуыздан айырылып алынатын био отынның ерекшелігі қандай болмақ? 

Жиырма үш жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан Сәкен Шерханов мұндағы ғылыми ортаға танымал тұлға. Себебі, биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінде үлкен зертханаға жетекшілік етеді. Қазіргі таңда бірнеше маңызды зерттеу жүргізіп жатыр. Бір жобаның өзіне жиырма бес ғылыми қызметкер тартылған. Соның бірі бактериядан энергия өндіру. Яғни, бактерияға бірнеше ген енгізіп, өзгеріске ұшырату арқылы ақуыз айырып, оны жанармайға айналдырады. Ал екінші жобада мүлдем жаңа тәсіл зерттелуде.

Сәкен Шерханов, Биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы, Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінің зертхана жетекшісі:

Қазіргі жобамыз белоктарды бактериядан шығартып, бар реакцияны ректорда істейміз. Организмді қолданбаймыз, белокты аламыз, салатын қантын саламыз да соның артынан био отын шығартамыз. Былай айтсам біздің жетке жетістікке әлі ешкім жеткен жоқ. Соның арқасында ел болсын, инвесторлар болсын ақша беріп жатыр.

Ақуыз қалдықтардан өндіріледі. Демек болашақтың био отынын шығару үшін қара алтынның қажеті болмайды, дейді ғалым. Жанармай өндірудің жаңаша тәсілін дамытуға АҚШ үкіметі аса қызығушылық танытып отыр. Грантты елдің энергетика департаменті бергені де содан. Зерттеу жұмысын 2016 жылы бастаған ғалымдар қазір едәуір нәтижелерге қол жеткізген. Бастапқыда бір литр сұйықтықтан 13 грамм биоотын алынса, қазір 270 грамм айырады.

Сәкен Шерханов, Биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы, Лос-Анджелестегі Калифорния Университетінің зертхана жетекшісі:

Біздің істеген платформа қазіргі биоэтанолға қарағанда күш-қуаты үш төрт есе көп, оны жасау өте арзан. Биохимиялық процестер бес-алты күнге жетеді. Көбіне биоэтанол шығартатын процестер үш-төрт күнде тоқтайды, біздікі қазір биоэтанолоға қарағанда бес-он есе жақсы болып тұр.

Ғалым кірескен тағы бір жоба ауадағы көмір қышқыл газынан жанармай өндіру. Бұл тың салаға түрен салуды Сәкен енді қолға ала бастады. Молекулалық биология және биохимия саласы заманауи білімді игеріп, үлкен жетістіктерге жеткен оған Еуропа елдерінен де ұсыныстар түсіп жатса керек. Бірақ, қазақ ғалымы зерттеу жүргізуге қолайлы техникалық база жасақталса, туған елге келіп еңбек етуге дайынмын, дейді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу