Бакуге жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Әзербайжан президентімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлығы үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Әзербайжан халқын елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Бұдан бөлек тараптар Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылады. Ал Ильхам Әлиев саммитке қатысқаны үшін әріптесіне алғыс айтып, келесі жылы мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
Біз – достас, бауырлас әрі серіктес елдерміз. Соңғы жылдары өзара байланыстардың қарқынды түрде дамып келе жатқаны анық байқалады. Біз екі мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың ең жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл – тәуелсіз ел ретінде даму тарихымыздағы айтулы оқиға және халықтарымыз арасындағы байланыстардың рухы мен сипатына сай келеді. Мұның солай болатын жөні бар.