«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл меже – мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру ісі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Тілшіміз бірнеше аймақтағы атқарылған жұмысты шолып өтті.
Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Қарасу елді-мекенінде мыңға жуық тұрғын бар. Биыл олар сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр.
Ғабит Садықов, ауыл тұрғыны:
Бұрын бізде ауылда су уақытпен ғана берілетін. Бір сағат қана. Оның өзі ескірген, кей кезде су болмай қалады. Биыл су құбыры тартылып, үйге қосылды.
Ауыз су мәселесі шалғайдағы ауылдарда ғана емес, ірі қала мен мегаполистерде де өзекті еді. Мысалға, Шымкент қаласы биыл жыл соңына дейін толық ауыз сумен қамтылады.Сондай-ақ биыл 8 шағын ауданды электр жүйесімен қамту ісі аяқталғалы отыр және 245 көшенің 300 шақырым жеріне асфальт жол төселіп бітуге жақын.
Өмір Қалыбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
245 көшенің бүгінгі күні 95 пайызы аяқталды. Қалған 5 пайызы қараша айының соңыне дейін аяқталады. Негізгі басымдық шалғай елді мекендерге берілді. Бұрынғы асфальт қабаты жоқ көшелер, кейіннен қала аумағына енген елді мекендерге жол жамылғысын салу жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысы. Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бозсу елді-мекені. Мұнда ауыл құрылғаннан бері жол салынбаған. Тұрғындар әбден жол азабын тарттық дейді. Енді, асфальт төселіп жатыр. 35 жыл осы ауылда тас жол таппай, батпағын кешкен Зағира Қыдырова дән риза.
Зағира Қыдырова, Бозсу ауылының тұрғыны:
Ол батпақта мектепке баратын балаларымыз үлкен көшеге шығу үшін қысқы мерзімде бірнеше мерзімде етік алып беруге тура келетін. Себебі оны жуумен тозады. Елу жылда ел жаңа дегендей жарты ғасырлық тарихта осы халық жайғасқан жерде бірінші рет асфальт болып отыр. Бұл өте қуанышты жағдай.
Биыл Түркістан облысы бойынша жол жөндеу жұмыстарына 41 млрд теңге бөлінген. Оған 1521 шақырым жол төселіп, 587 нысан салу жоспарланған болатын. Адамдар үлкен қалада да, шағын ауылда да жайлы өмір сүруі керек.