Ұлыбританияда қарызға белшеден батқандар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда қарызға белшеден батқандар көбейді

24.11.2023

Ұлыбританияда өткен жылы 4 миллионға жуық адам кедейшіліктің қамытын киген. Олардың 1 миллионы - бала. Ал биыл 16 миллионнан астам азамат комуналдық төлемді кешіктіріп, несие мен тұрғын үй салығын төлей алмай қиналуда. Олардың 2 миллионы мұндай жағдайға бірінші рет тап болған.

Кэрридің 20 000 фунт берешегі бар және ол сома күн санап өсіп келеді. Аптасына 2 күн дәрігердің көмекшісі болып жұмыс істейтін ол бүгін азық-түлікпен тегін қамтамасыз ететін қайырымдылық ұйымына тағы да қол жайып келді.


Кэрри Банда, Лондон тұрғыны:

Мен жалқау емеспін. Өте көп жұмыс істеймін. Бірақ әлеуметтік жағдайым қиын.
Статистикаға сәйкес, кедейшілік қамытын кигендер жәрдемақыларының тең жартысын тұрғын үй салығы үшін төлеуге мәжбүр. Бұған коммуналдық ақы мен несиені қосыңыз. Әсіресе, балалы отбасыларға қиын.
Өмір сүру құнының қымбаттауы мен банктегі проценттік мөлшерлеменің өсуі халықтың мойнына қарыз қарғыбауын тақты. Бұдан бөлек пәтер жалдау ақысы 12 процентке қымбаттады. Бұл соңғы 9 жылдағы ең жоғарғы өсім. Биліктегілер болса, кедейшілікпен күрес қарқынды жүріп жатыр деуден әрі аса алмай отыр.

Мэл Страйд, Ұлыбританияның еңбек және зейнетақы министрі:

2010 жылдан бері кедейлердің саны 1,7 млн адамға азайды. Олардың 400 мыңы бала. Күнкөріс минимумын жабу үшін 800-дей табысы төмен отбасыға миллиондап жәрдемақы төленді. Мүмкіндігі шектеулі 6 млн. адамға да қол ұшын создық. Сәуір айында күнкөріс минимумы 9,7 пайызға өсті.
Қарызы барлар жағдайды күрделендірмеу үшін ыңғайлы төлем схемасын сұрап, компанияға хабарласулары қажет. Сарапшылар керісінше, инфляциямен күресті күшейту керек, дейді. Өйткені халықтың тапқан-таянғанын қымбатшылық еселеп жұтып жатыр.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу