Президент Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне қатысты

23.11.2023

Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн. Президент Минскте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымының сессия отырысында Таяу шығыстағы соғысқа байланысты пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев палестиналықтарға «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн деді. Жиында бұдан бөлек аймақ қауіпсіздігіне байланысты қандай мәселе талқыға түсті? Қазақстан ұстанымы мен ұсыныстары қандай? 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Минскте бүгін қар борап, көктайғақ. Жер жаһандағы геосаяси ахуал да бүгінгі күн райындай құбылып тұр. Қаруға емес, ақылға тоқтап, әлем мен аймақтағы ахуалды талқылау үшін мемлекет басшылары Беларусь астанасында бас қосты.

Бірінші болып кеңес өтетін Тәуелсіздік сарайына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Президенттер қол алысып, ортақ фотоға түскеннен кейін шағын құрамда кеңес құрды.

Дәл бір жыл бұрын ұйым басшылары Армения астанасында бас қосқан еді. Содан кейін төрағалық міндеті Беларуське жүктелді. Президенттер әлем мен аймақтағы ахуалды талқылап, алдағы маңызды міндеттерге тоқталды. Қонақтарды қабылдап жатқан Беларусь бұл саммитке үлкен мән беріп отыр. Олар бұл жиын қорғаныс саласындағы бірлескен жұмыстарға жаңа қарқын береді деген ойда.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Биыл геосаяси ахуал қатты құбылды. Сәйкесінше, жұмыс кестесі де тығыз болды. Ұйым аясындағы және әлемдегі әскери-саяси жағдайдың дамуына байланысты негізгі тенденцияларды зерделеп, біздің елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа шешімдер табу қажет.

Таяу шығыстағы текетірес те жиында сөз болды. Президент қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн.

Сонымен қатар Президент Ауғанстандағы күрделі ахуалға назар аударып, халықаралық қоғамдастықты ауған халқына көмек беру ісін жалғастыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және тауқыметі көп осы елдің өңірлік экономикаға интеграциялануына ықпал ету маңызды деп санаймыз. Биыл Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, аса қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жөнелтті. Қазан айында Ауғанстанның батысында болған жер сілкінісіне байланысты көмек көрсетілді. Герат қаласына құтқарушылар, кинологтар мен медицина қызметкерлері жіберілді.

Иә, ұйымның негізгі міндеті – өзара әскери ынтымақтастық орнатып, қауіпті бірлесе еңсеру. ТМД елдері соңғы жылдары күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сол себепті әскери әлеуетті арттыру маңызды, дейді сарапшылар.

Игорь Чибисов, әскери сарапшы:

Қазір ұйым ішінде бірнеше өзекті мәселе бар. Әскерлерді заманауи, жаңа қару-жарақпен қамтамасыз ету қажет. Күштік құрылымдарды оқиға орнына жедел жеткізу үшін бірлескен әуе күштерін де құру керек деп ойлаймын. Әскери өндіріс саласында да тәжірибе алмасып, бірлесе әрекет еткен жөн болады.

Келер жылы ұйымға Қазақстан төрағалық етеді. Бүгін Президент біздің елдің қандай бағыттарға басымдық беретінін ашық айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар ұйымы, ТМД, Шанхай ынтамақтастық ұйымдарымен қауіпісізік саласындағы ынтымақты арттыру керек деген пікірде.

Терроризм және есірткімен күрес, заңсыз қару-жарақ саудасы және киберқауіпсіздік. Бұл бағыттағы жұмысты да ұдайы күшейту маңызды. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Ұйымның ендігі жиыны келер жылдың аяғында Астанада өтеді.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу