856 млрд теңге заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

856 млрд теңге заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды

22.11.2023

Енді заңсыз байығандар жазаланбақ. Былтырдан бері мемлекетке 856 млрд теңге заңсыз актив қайтарылды. Одан бөлек заңсыз иемденген 460 мың гектар жер телімі ел меншігіне өтті. Осы мақсатта құрылған арнайы комиссия әлемнің 30 мемлекетімен заңсыз шығарылған байлықты қайтаруға жол ашатын 70-ке жуық келісім-шарт жасасқан. 

Әлемдік сарапшылардың болжамына сүйенсек Қазақстаннан 300 млрд доллардан аса активтер шетел асқан. Бұл шамамен елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең.

Бүгінде мемлекетке 856 млрд теңге заңсыз актив қайтарылды. Оның ішінде шетелден 575 млн АҚШ доллары әкелінді. Атап айтсақ, Лихтенштейннен 260 млн, Австриядан 82 млн, Гонконгтан 2 млн, БАӘ-нен 15 млн доллар қайтарылды. Әлі 180 млрд теңге активтерді қайтару жоспарда тұр.

Бұдан бөлек, кезінде заңсыз иемденген 460 мың гектар жер телімі де мемлекетке қайтарылды. Құны 5 млрд теңге. Салықтан жалтарғандар да ел қасынасына 100 млрд теңге салды. Былтыр Мемлекет басшысы елдегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесі деген еді. Сарапшылар елге әкелінген байлық түгел дерлік «Ұлттық әл-ауқат қорына» аударылса дейді. Себебі, миллиардттарды арнайы қор мен компания басқарса, қайтқан қаражат тағы да талан-таражға түсіп кетеме деген қауіп бар.

Ризат Ерубаев, сарапшы:

Сіздер білесіздер, «Ұлттық әл-ауқат қорынан» ақшаны алу да қиын, және оған қадағалау Үкімет тарапынан да, қоғам тарапынан да, Президент тарапынан да назар ерекше еді.
Десек те, қайтарылған активтердің есебінен 100 млрд теңге "Жайлы мектептер" салуға бағытталды. Білім ошағының бірқатары пайдалануға берілді. Ал заңгер Абзал Құспан халықаралық сот алдында Қазақстанға тиесілі байлықты қайтарып алу оңай шаруа емес дейді.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңгер:

Англияның, Швейцарияның соттарына барамыз. Ал олар Венецияндық комиссияның теріс қорытыныдысын, адам құқықтарына қайшы келетін құжаттың қорытындысын көрсе біз ол сотта жеңіске жете алмаймыз. Сондықтан бізге ең бастысы ол дүниенің қайтарылуы. Тоқсаныншы жылдардағы іс үшін азаматтарды соттау бұл оңай болмайды. Қазақстандықтар үшін бір адамның сотталғанын көрі оның дүние мүлкі қайтарылғаны маңыздырақ деп есептейміз.
Енді мемлекет заңды белден басып, байығандарды жазалауға кірісуі мүмкін. Заңсыз иемденген қаражатын жасырып үлгергендер қатаң жазаланбақ. Қысқасы, қылмыс мерзімі өтіп кетті деген сылтау жүрмейді. Ұрланған түйменің де сұрауы болады.

Тәуібек Бозекен

Хабарламаларға жазылу