Түркістан облысында алдағы екі жылда 63 мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында алдағы екі жылда 63 мектеп салынады

21.11.2023

Мемлекет басшысының сайлауалды тапсырмасына орай Түркістан облысында 63 мектеп салынады. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында қолға алынған 25 білім ошағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 

Айнұр Әбілқасымқызы тілші:

Сайрам ауданы, Жаңа құрылыс ауылындағы 544 бала бүгінде көрші бес елдімекенге қатынап оқиды. Олардың 290-ы алты шақырым жердегі Айтеке би ауылына тасымалданады. Биыл бұл елдімекенде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында 600 орындық ғимараттың құрылысы басталды.

Үш қабаттан тұратын ғимараттың құрылысы келер оқу жылына дейін аяқталады. Жаңа мектептің ашылатынына ауыл тұрғындары қуанып жатыр.

Камила Ермекбаева, Жаңа құрылыс елдімекенінің тұрғыны:

Жақын жерде мектеп жоқ. Мысалы, немерем Залиния жақтағы Қонаев мектебінде оқиды. Ал қызым Айтеке бидегі Сырым Датұлы мектебінде оқиды. Тағы немерелерім Сәкен Сейфуллинде оқиды. Енді мына мектеп салынып жатыр. Жақсы болар еді бізге. 

Сайрам ауданында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен жеті білім ошағы салынады. Осылайша, бағдарлама мектептердегі үш ауысыммен оқу қиындығын шешеді.

Уалихан Дүйсенбаев, Сайрам аудандық білім бөлімінің әдіскері:

Халық саны тығыз орналасқан және де бала саны көп ауылдарға салынып жатыр. Үш ауысымға ауысып кету қаупі бар. Тасымалданып жатқан балаларды сол жайлы мектептерге ауыстырамыз.

«Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруға қазынадан 315 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Пилоттық жоба аясында салынған 29 мектеп келесі жаңа оқу жылында пайдалануға берілсе, қалған 34 мектептің құрылысы 2025 жылы толық аяқталуы тиіс.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу