Батыс Қазақстан облысында эндокринолог дәрігер жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында эндокринолог дәрігер жоқ

21.11.2023

Батыс Қазақстан облысында қант диабетіне шалдыққан балаларды емдейтін бірде-бір эндокринолог жоқ. Жалғыз дәрігер жеке клиника ашып алып, жұмыстан кетіп қалған. Сегіз айдан бері сергелдеңге түскен бір топ ата-ана Ұлттық арна тілшілеріне шағымданды. Олар бұрынғы эндокринолог Ирина Лазоваяны келісімшарт негізінде жұмысқа қайтаруды сұрайды. Сондай-ақ, аурухана, емханаға шұғыл түскен бойда мейіргерлер науқасқа тиісті көмек көрсетпейтінін, шипажайға жолдама берілмейтінін, дәрі-дәрмек тапшылығы мен зертханалық талдаулар көрші өңірлермен салыстырғанда қымбат екенін, электр нейро миография аппараты болмағандықтан, баланы басқа аймақтарға қаратып, сабылатынын айтты.

Бақтылы Ержанова, қала тұрғыны:

Менің балам - 12 жаста. Қант диабетімен ауырады. Бізде облыстық балалар ауруханасында эндокринолог дәрігер жоқ. Уже 7-8 ай болды уәде бергендеріне. Помпаны, яғни инсулин жіберіп тұратын аппаратты коррекция жасайтын дәрігер тағы жоқ. Бір облысқа бір эндокринолог табу керек қой енді.

Шарасыз тұрғындар облыстық денсаулық сақтау басқармасына барды. Басқарма басшысы орнында болмады. Орынбасарлары мән-жайды түсіндіруге тырысты. Ата-аналар көтерген он шақты сұрақты жазып алып, шешу жолын қарастырып, тағы бір кездесуде толыққанды жауап беруге уағдаласты. Айта кетейік, облыста қант диабетіне шалдыққан 157 бала тіркелген. Биыл тегін дәрі-дәрмекпен қамту үшін ел бюджетінен 76 млн теңге қаражат бөлінген.

Айнаш Ғұбайдуллина, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Эндрокринолог дәрігер шынымен де балалар ауруханасында жоқ. Лазовая Ирина Николаевнамен мен өзім сөйлестім, басқарма басшысы да сөйлесті. Ол отбасылық жағдайына байланысты келе алмайтынын айтты. 157 науқасқа дәрі-дәрмек беріліп жатыр. Бітіп қалған жағдай жоқ. Келер жылға да ондай мәселе болады деп ойламаймыз.

Ардақ Мұратқызы


Батыс Қазақстан облысы

Хабарламаларға жазылу