Алдағы 3 жылда 369 мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 3 жылда 369 мектеп салынады

21.11.2023

Елде білім беру және денсаулық сақтау саласында бірқатар жоба басталды. Бір жыл ішінде әлеуметтік бағытты дамытуға арналған нақты қадамдар бар. Нақтырақ айтсақ, 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік шәкіртақы көлемі артты. Бакалавриат студенттерге – 20%, магистратура мен докторантурада оқитындарға – 15%, Техникалық және Кәсіптік Білім студенттеріне – 50%-ға артты. 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есеге өседі. ЖОО-дар мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық қысқарды. Биыл тағы 10,9 мың орындық 44 жатақхана пайдалануға беріледі.

Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды

Ал жаңа оқу жылынан бастап елдің барлық бастауыш сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Оған жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлініп, 1,5 млн-ға жуық бала қамтылды. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тегін тамақпен қамтылған.

Алдағы 3 жылда 369 мектеп салынады

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. 2026 жылға дейін 740 мың орындық 369 жаңа форматтағы мектеп салынады. Ғылымның алдағы үш жылға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады. Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды. Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу