Газа секторында жағдай қиын. Негізгі аурухана «Әш-Шифадан» нәрестелер қауіпсіз жерге көшірілді. Бұған Қызыл Крест пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары ат салысты. Халықаралық ұйымдардың өкілдері аурухананың кіреберісінде 80-нен астам адам жерленген ортақ моланы көргендерін мәлімдеді. Елде таза су, отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік таусылуға жақын.
Газа секторының негізгі ауруханасы «Әш-Шифадан» мерзімінен бұрын туған 31 нәресте эвакуацияланды. Олар анклавтың оңтүстігінде орналасқан Рафахтағы госпитальге көшірілген. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрестелердің барлығы дәрі-дәрмектің жетіспеуінен ауыр инфекцияларға шалдыққан.
Мұхаммед Закут, Газа секторындағы ауруханалар желісінің бас директоры:
Тіптен балаларға арнайы қоспа дайындауға арналған судың өзі ластанғанын анықтадық. Санитарлық тазарту мүмкін болмағасын зарарсыздандырылмаған. Сәбилер құсып, іші өтіп, салмақ жоғалтты. Кейбіреуінде сепсис болған.
Израиль әскерилері «Әш-Шифада» операцияны өткен аптада бастады. Олардың айтуынша, аурухана астында Хамас-тың туннельдері, қару-жарағы, командалық пункті жасырынған. Ал «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, Хамас пен «Әш-Шифадағы» дәрігерлер аурухананы әскери мақсатта пайдаланылғанын жоққа шығарып келеді. Алайда Израиль әскери операциясын ақтайтын дәлелдер табылып жатқанын, оны әлемге көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Кепілге алынған адамдардың осы ауруханаға әкелінгені туралы видео жариялады.
Даниэль Хагари, Израиль қорғаныс армиясының баспасөз хатшысы:
Әл-Шифадан кепілдегілерге қатысты қосымша ақпарат жинадық. Мына бейнежазбада 1 непалдық, бір тай азаматы әкелінгені көрсетілген. Израиль қорғаныс күштері кепілдегі әр азаматты үйіне қайтаруға моральдық міндеттеме алады.
Ал Қытай астанасы Бейжіңде бүгін араб және мұсылман елдерінің сыртқы істер министрлері бас қосты. Олар халықаралық қауымдастықты Газа секторындағы гуманитарлық апатты тоқтатуға шұғыл шаралар қабылдауға үндеді. Бұған қоса дипломаттар Батыс елдерін Израильдің палестиналықтарға қарсы әрекетін «өзін-өзі қорғау» деп ақтауын доғаруды талап еткен.
Арай Төлегенқызы