Батыс Қазақстан облысында сот Бәйтерек ауданының бұрынғы әкімі Кәрім Жақыповтың құны 1,3 млрд теңге болатын жерін заңсыз деп таныды. 2015 жылы кәсіпкер Нұрлан Есчанов қазақ этноауыл саламын, туризмді дамытамын деп, Шаған өзенінің жағасынан шамамен 20 гектар жерді жалға алады. Екі жылдан кейін ол жерге қазық қақпастан, үш жылға тағы ұзартып алған. 2021 жылы элиталық жерді Бәйтерек ауданының бұрынғы әкімі сол жылдары Теректі ауданының әкімі болған Кәрім Жақыпов иемденеді. Ол жерді 24 учаскеге бөліп, біраз бөлігін сатқан әрі сыйға берген. Бұл деректерді алғаш республикалық қоғамдық бірлестік өкілдері анықтаған. Сот үкімі заңдық күшіне енген соң, 19,6 га жер мемлекетке қайтарылады.
Александра Сидорова, Бәйтерек аудандық №2 сотының судьясы:
Сот азаматтық-процесуалды кодекстің 223-226-баптарын басшылыққа ала отырып, аудандық жер қатынастары бөлімі мен Есчанов арасындағы әр жылдары жасалған 19,6 гектар жерді жалға беру туралы келісім шарттарды, Есчанов пен Жакупов арасындағы сату-сатып алу келісімшартын, жерді бөлу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану туралы шешім шығарды. Сот Бас прокуратураға осы істі қарап, шара алуды ұсынады.
Ардақ Мұратқызы