Қатты желден бірқатар облыстарда ғимараттардың шатырлары ұшты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатты желден бірқатар облыстарда ғимараттардың шатырлары ұшты

20.11.2023

Бірқатар өңірде ауа-райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктер елдің басым бөлігіне қалың тұман түсіп, жел екпіні күшейеді деп болжап отыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының 137 елді мекенінің тұрғындары екі күннен бері жарықсыз отыр.

Дауылдан кейінгі Астана. Үйдің қасбеті толық түсіп қалған. Шатырлар жан-жаққа ұшып, маңайындағы көліктерді зақымдады. Қатты жел салдарынан ауыр жүк көлігі де аударылып қалған.

Көктайғақтан бірнеше адам зардап шегіп, қалалық ауруханаларға аяқ-қолдары сынған, көгерген науқастар жеткізілді.

Ал Қарағанды облысында дауылдан 14 нысанның шатыры жұлынды. Дені әкімшілік ғимарат пен көп пәтерлі тұрғын үй. Жел екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен. Казір жедел штаб құрылып, арнайы желі іске қосылды. Облыстың бірқатар өңірінде электр энергиясы ішінара сөнген. Облыс орталығында құлаған ағаштар көліктерді басып қалды.

Желдің рекордтық жылдамдығы Павлодарда тіркелді. Секундына 37 метрге жеткен. Қатты дауыл аймақтағы 42 ғимараттың шатырын жұлып әкетті. 100 ден аса елді-мекен жарықсыз қалды. Қазір электр қуаты қайта қосылды. Келтірілген шығын көлемін есептеліп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында 137 елді мекеннің тұрғындары екі күннен бер жарықсыз отыр. Сенбі күні жауған қарлы жаңбырдың салдарынан электр бағаналары мен сымдар мұз болып қатып қалған. Мамандар екі тәуліктен бері күшейтінлген режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда ақауды толық жою мүмкін болмай тұр. Синоптиктердің мәліметінше өңірде екі күнде жауын-шашын көлемі бір айдың көрсеткішінен асып кетті.

Синоптиктер бүгін де елдің бірқатар өңірінде қар-аралас жауын жауып, көктайғақ болады деп отыр. Елдің батысы мен солтүстік-батысында желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу