Ұлттық валютаға- 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық валютаға- 30 жыл

19.11.2023

Тәуелсіз Қазақстанның дербес қаржылық-экономикалық саясатын құру жолындағы қадамдары осыдан 30 жыл бұрын басталған еді. 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақ жұрты төл теңгені айналымға енгізді.

Тарихқа шегініс жасасақ. Теңге еліміздегі алғашқы ақша емес. Ежелгі Қазақстан аумағында Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал Жетісуда Түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монета сарайлары жұмыс істеген.

Алтын монеталар да айналымда болды. Бірақ ол саудада салмағына қарай пайдаланылған. 14 ғасырдың соңынан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен мыс динарлар болған.

Ал жиырмасыншы ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кірді. Бұл 1993 жылдың қараша айына дейін жалғасты. Қазақ валютасының өмірге келуінде суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтердің еңбегі ерен. Олар қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері Сүйінбай Аронұлы, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр мен Абылай ханбейнеленген теңгенің алғашқы дизайнын жасап шығарды.

Ширек ғасырдан астам уақытта теңге қалай түрленді? Құны мен әлемдік экономикадағы рөлі қандай? Серік Жұмабектің материалында.

Төл теңгенің өмірге келуі КСРО-ның рубльдік аумағынан соңғы болып шыққан Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Саяси егемендігін алған, бірақ экономикалық тәуелсіздігі жоқ жас мемлекетті 1992 жылдың 26 шілдесінде Ресей өзінің қаржылық жүйесінен бөліп жібереді.

Алматы

Ғалым Байназаров,Қазақстан Ұлттық Банкінің тұңғыш төрағасы:

Кеңес одағы құлағаннан кейін біз үлкен дағдарысқа кезіктік. Біздің елімізде гиперинфляция болды. Екі жылдың ішінде 92-93 жылдары 52 пайызға дүниелер қымбаттап кетті. Оны жабатын бізде басы артық қаражат болған жоқ.

1992 жылы Мәскеу КСРО рубльінің заңдық күшін жойып, ешкімге ескертпестен жаңа ақшасын енгізіп жібереді. Ескі рубль жүйесінде қалып қойған Қазақстан үшін алда екі таңдау тұрды. Бірі, рубль аймағына қайта ену немесе өз ақшамызды жасап шығару.

Астана

Серік Жұмабек, тілші:

Жасыратыны жоқ бастапқыда бұрынғыдай рубльді ұстап жүре бергіміз-ақ келді. Бірақ Ресей тарапы оның өтеуін сұрады. Яғни, «Қазақстан одақ құрамына қайта кіруі керек және алтын валюта қорындағы 900 млн доллар ақшаны орыстың орталық банкіне тапсыруы шарт»,- деген талап қояды. Қысқасы, тәуелсіздігіңнен бас тартсаң, рубльді қолдана бер деген емеуірін танытады. Бірақ біздің билік бұл ұсыныстан бас тартты.

Қазақстан үкіметі әрі-сәрі күй кешіп, ақша жасау дейтін ауқымды жұмыстың жоспарын талқылап жатқанда, басқа одақтас мемлекеттер өз валютасын енгізіп үлгерген еді.

Алматы

Ғалым Байназаров, Қазақстан Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы:

Қарашаның 15-не дейін бізден басқа Совет одағының мемлекеттері Армения мен Тәжікстаннан басқасы бәрі өзінің валюталарын енгізді. Тіпті, Ресейдің өзі. Кеңес территориясындағы елдерден ешқандай құны жоқ ақшалар бізге вагон-вагон болып келіп тауарларымызды алып кетіп жатты.

1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге дизайнындағы портреттерге ұлы тұлғалардың суретін салу туралы шешім қабылдайды. Оған «Портреттік серия» деген атау беріліп, 1 доллар 4.69 теңге болып бекітілді.

Алматы

Ғалым Байназаров, Қазақстан Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы:

90 күннің ішінде біз теңгені дайындап шығардық. Сәуір мамыр айында елге алып келдік. Теңге өкінішке орай айналымға өте алмады. Оған көптеген тосқауылдар болды.

Алматы

Жангелді Шымшықов, Экономист:

Бірінші дизайндағы ақша халықтың рухын көтеріп жіберді. Бұрынғы дизайны таза қазақша және бүкіл тарихи тұлғаларымыз сонда көрініс тапқан, ең дұрыс шешім болатын. Жастар түсіне бастады бізде осындай хандар, батырлар болған екен деген сияқты.

Ұлттық валюта жасау операциясы Англия мен Германияда құпия жағдайда жүргізілді. Ақшаны елге әкелу де оңайға соққан жоқ. 18 мәрте әуе сапары жасалды.

1993 жылдың 12 қарашасында «ҚР ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» жарлық шықты. Араға 3 күн салып, «теңге»Қазақстан аумағындағы жалғыз заңды төлем құралы мәртебесіне ие болды. Нәтижесінде, 1961-1993 жылғы үлгіде шығарылған 6 млрд рубльдің орнын төл теңгеміз басты. Айтпақшы, сол уақытта «теңге» сөзінің орнына- «сом», «ақша», «алтын» секілді атаулар да ұсынылған екен.

Бегжан Әбдуәлиұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор:

Көне түрік тілінде «Тенри» деген сөз бар. Дөңгелек, айналу деген мағына береді. Орта ғасырларда түркілердің арасында теңге пайда бола бастаған, содан кейін бұл кең етек алды. Этимологиясына баратын болсақ «Деньгидің» «Теңге» деген сөзден шыққаны рас секілді көрінеді. Бұл тарихи тамыры тереңнен басталатын әрі өзіміздің төл сөзіміз. Сондықтан «Теңге» сөзін таңдағанымыз өте сәтті таңдау деп есептейміз.

1995 жыл 19 мамыр

1995 жылы 19 мамырда елде ақша басып шығаратын алғашқы фабрика ашылды. Онда Ұлттық валютаның екінші легі жасалып, оған «Әл-Фараби» деген атау берілді. Шығыс ғұламасының бейнесі 200 теңгеден бастап 10000 теңгеге дейінгі банкноттарға басылды.

Алматы

Асан Ахметжан, Ұлттық Банктің Баспасөз Хатшысы

95 жылы осы Алматыда Қазақстан банкнот фабрикасы іске қосылды. Алғашында оның қуаттылығы 84 млн банкнота басып шығаратындай болды. Бірақ бір жылдың көлемінде өндірістік қуаттылығы 104 млн банкнотқа дейін жеткізілді.

Бүгінде Қазақстан өз Монета сарайы бар ТМД-дағы төрт мемлекеттің бірі. Банкнот Ұлттық банктің Алматы қаласындағы фабрикасында жасалса, ал монета Өскеменде шығарылады.

Астана

Серік Жұмабек, тілші:

Төл теңгенің жасалу тарихын есте сақтап қалу мақсатында 1997 жылдың 13 қарашасында ҚР Ұлттық Банкінің музейі ашылды. Алғашында нысан- Ұлттық банктің өзінде болса кейіннен мына мен тұрған Елордамыздағы Ұлттық музейге көшірілді. Қазір бұл зал- «Қазақстанның банкноттары мен монеталары» көрмесі деп аталады.

2006 жылдан бері теңге әлемдік биржада төбесінде көлденең сызығы бар «Т» әрпімен белгіленіп келеді. Әлем бойынша «Ең қауіпсіз ақша» деген атағы да бар. Яғни, жалған теңге жасау мүмкін емес.

Алматы

Асан Ахметжан, Ұлттық Банктің баспасөз хатшысы:

Қазіргі ең мықты қорғалған банкнота ол 2022 жылы шыққан 20 мың теңгелік банкнот. Оның 25 қорғаныш элементі бар. Сутегі белгісі бар. Полимер қосылған. Ең озық технологиялары сол банкнотада көрініс алған.

Әлемдік практикада қолдан ақша жасауға жол бермес үшін әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығады. 30 жылда теңгенің келбеті 5 рет өзгерді. 1993 жылы «Портреттер», 1993 пен 2003 жыл аралығында «Әл-Фараби», 2006 жылы «Бәйтерек», 2011 мен 2022 жыл аралығында «Қазақ Елі, Самұрық» сериялары шықса, ал биылдан бастап «Сақ стилі» айналымға енбек.

Алматы

Санжар Нұрқасымов, Қазақстан Ұлттық Банкінің банкноталар мен монеталар дизайны басқармасының бас дизайнері:

Бес мың теңге осы жылдың аяғына дейін айналымға шығады. Келесі наминалдар кезең-кезеңмен, бірте- бірте келесі жылдан бастап 2025 жылға дейін түгелімен бүкіл сериясы шығады.

Алматы

Айбар Олжай, экономист-сарапшы:

Біз жалпы теңгенің курсын таргеттеу, оны бақылаудан кетіп қалдық та оны нарыққа бере салдық. Қазақстан қор биржасында теңгенің нарықтық құны күн сайын белгіленіп отырады. Соңғы уақытта ұлттық банк интервенциямен айналыспайды. Олар теңгенің бюджетте бекітілген 470-480 теңге деңгейінде жүргендіктен ол қаржылық шок жағдай болып есептелмейді.

Өкініштісі, теңге 30 жыл ішінде 100 есе құнсызданып, 5 рет девальвацияға ұшырады. 1993 жылдан 2003 жылға дейін ұлттық валюта 4.69 теңгеден 115 теңгеге дейін әлсіреді.

Ал 2009 жылдың 4 ақпанында 1 доллар 156 теңгеге жетіп, 2014 жылдың 11-13 ақпан аралығында үшінші девальвация болды. 1 доллар 156 дан 188 теңгегек өтерілді.

2015 жылдың 21 тамызында төртінші рет инфляция болып, 1 доллар 188 ден 255 теңгегеөскен. 2020 жылдың наурыз айында бесінші рет құнсызданған теңге 394 теңгеге дейін әлсіреді. Қазір теңге орташа құны шамамен 460-470 теңгені құрайды.

Астана

Жангелді Шымшықов, экономист:

Ішкі өнім дегенді көрсеткіш ретінде қарастырмау керек. Ұлттық өнім деген көрсеткіш керек. Ұлттық өнім деген отандық кәсіпорындардың өндірген өнімі. Ішкі өнім деген кімкөрінгеннің біздің елімізде өндіргені. Егер осылай жалғаса берсе теңге бұдан да құнсызданады. Тіпті, долларға тәуелді мемлекетке айналуымыз мүмкін.

Қазір әлемдік экономикада «Цифрлы валюта» термині кең етек алып барады. Жаһандық үрдістен қалмай, Қазақстан да валютаны цифрлы жүйеге көшірді. Ұлттық төлем жүйесінің бұл түрі кибер қауіпсіздікке төтеп беруге әрі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға қабілетті.

Мақсат Халық, экономист-сарапшы:

Цифрлық теңгенің артықшылығы ол арнайы блокчейн технологиясымен жасалғандықтан оның цифрлық ізі болады. Қай кезде қандай төлемдер жасалынды, бұған дейін қандай транскрипциялар болды соның бәрі сақталып тұрады.

Алматы

Айнұр Кенжаева, «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі:

Цифрлық теңгені кез-келген мемлекетте қолдана аламыз. Себебі, заңды төлем жүйесі. Қазіргі ақшаның барлық деңгейіне сәйкес статусын алады. Орталық банктің цифрлық валюталары трансшекералық төлемдерде өте тиімдірек, қазіргіге қарағанда.

Цифрлы теңге тек төлем құралы, ол несиеге берілмейді. Басты артықшылығы, интернет жоқ жерде аударым жасай беруге болады. Соңғы екі жылда ұлттық валюта құны айтарлықтай тұрақтаған. Бұл ақша-несие саясатының жемісі деуге болады.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу